Өңір басшысы Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы саласына жыл басынан бері 50,6 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілгенін атап өтті.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында өңірдің ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 6,4%-ға өсіп, 281 млрд теңгеге жетті.
Ауыл шаруашылығы өнімінің 60%-ы мал шаруашылығына тиесілі. Республика көлеміндегі етті бағыттағы ірі қара малдың 42%-ы БҚО-да өсіріледі, ал ірі қара мал саны бойынша облыс 2-орында. Осы орайда 2025–2027 жылдары жалпы құны 68,1 млрд теңге болатын 54 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 870 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Биылғы жылы 15,4 млрд теңге құны бар 18 жоба іске асырылуда. Олардың ішінде суармалы жерлерді айналымға енгізу, сүт фермалары және бордақылау алаңдары бар.
2027 жылға дейін өңірде бордақылау алаңдарының жалпы сыйымдылығы 75 мың басқа дейін жеткізілетін болады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 23 кәсіпорын жұмыс істеп, өткен жылы қайта өңделген өнім көлемі 208 мың тоннаны, яғни 64,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2026 жылы 70%-ға дейін жетеді деп жоспарлануда.

