Елордада ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті деп хабарлайды Qazyr.kz
Құжат тараптарға бұқаралық спортты барынша қолжетімді етуге, саламатты өмір салтын насихаттауға және өңірлер мен ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов меморандум аясында мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен меценаттардың бірлесе атқаратын жұмысының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл әріптестік әлеуметтік саясатты нығайтып, ел азаматтарының игілігіне бағытталған кешенді шараларды іске асыруға жол ашады.
«Спорт пен туризмді дамыту — жүйелі тәсілді талап ететін маңызды міндет. Салалар тұрақты даму үшін қажетті инфрақұрылым болуы шарт. Министрлік бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, сондай-ақ туризмді ілгерілетуге жауап береді. Бүгінгі меморандум нақты халықтың сұранысына бағытталған жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді», — деді министр.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларына ерекше назар аударылды. Биыл «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Жетісу облысында екі жоба жүзеге асырылған. Жалпы ел бойынша 90 жабық спорт нысаны пайдалануға берілді, оның 61-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар, Астанада Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионның, Алматы облысы Кеген ауданындағы Жалағаш ауылында спорт кешенінің және Көкшетау қаласында көпсалалы кешеннің құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін тағы 10 спорт нысанын аяқтау жоспарланып отыр.
Балаларға арналған спорт инфрақұрылымын дамыту да меморандум аясындағы басым бағыттардың бірі болды. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы екі жылда еліміздің әр ауданында және ауылында балалар футбол алаңдары салынуы тиіс. Бүгінде Қазақстанда 6 926 балалар футбол алаңы бар, ал қажеттілікке сай тағы 1 489 алаң салу жоспарланған.
Тараптар ынтымақтастықты ашық ақпарат алмасу, бірлескен іс-шаралар өткізу және келісілген қолдау тетіктері арқылы іске асыратындарын мәлімдеді. Қол қойылған меморандум 2030 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болады.