Qazyr.kz порталы
Әлем

Экономикалық майдан. Сунак Киевке кеңес береді

сунак зеленский

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Риши Сунак Украина президенті жанындағы Халықаралық консультативтік кеңестің құрамына енді. Ол Украина үкіметіне экономикалық мәселелер бойынша тегін кеңес береді.

Бұл туралы Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтында жарияланған құжаттардан белгілі болды. Кеңестің негізгі мақсаты Украина экономикасын қалпына келтіруге бағытталған жобаларды іске асыру және халықаралық инвестиция тарту мәселелерінде кеңес беру.

Риши Сунак бұл кеңес құрамына кіру ол үшін үлкен абырой екенін атап өтті.

– Премьер-министр кезімде Украинаны қолдау мен үшін үлкен мәртебе болған. Украин халқы соғыс кезінде батылдығын, табандылығын және тапқырлығын көрсетті. Батыс үшін Украина күшті болуы керек, ал Украина күшті болуы үшін оның экономикасы да қуатты болуы қажет, – деді Сунак.

Ол Украина адами капиталы, табиғи ресурстары мен инновацияға бейімділігінің арқасында Еуропадағы ең қарқынды дамитын экономикалардың біріне айнала алатынына сенімді екенін айтты.

Консультативтік кеңестің алғашқы отырысы 26 ақпанда өтті. Оған Сунакпен қатар Әлемдік банк президенті Аджай Банга, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, сондай-ақ Siemens, BlackRock, Citigroup және ArcelorMittal секілді ірі компаниялардың өкілдері қатысты.

Президент Владимир Зеленский кездесуде Украинаның энергетикалық тұрақтылығын нығайту және инвестиция тарту мәселелері талқыланғанын хабарлады.

– Ресейдің Украина энергетикасына соққы жасауы үлкен мәселе туғызды. Қазір біз осы жағдайды ескеріп, энергетикалық инфрақұрылымымызды күшейтуіміз керек. Біздің еліміз қыстың қиыншылығына қарамастан тіршілігін жалғастырып жатыр. Біз әріптестікке, бірлескен жобаларға және инвестицияларға ашықпыз, – деді Зеленский.

Сонымен қатар, Зеленский Риши Сунакқа Украинаны үнемі қолдап жүргені үшін алғыс білдірді.

Контекст

Риши Сунак Ұлыбританияның премьер-министрі қызметінен кеткеннен кейін бірнеше беделді халықаралық ұйымдар мен компанияларда кеңесші ретінде жұмыс істеп келеді. Ол Goldman Sachs, Microsoft және жасанды интеллект саласындағы Anthropic компанияларына кеңес беріп, Bloomberg New Economy Forum мен Стэнфорд университетінің Гувер институтында ғылыми зерттеулермен айналысады. Сондай-ақ, қайырымдылық қорлары арқылы түрлі әлеуметтік жобаларды қолдап келеді.

Риши Сунак Ұлыбританияның премьер-министрі қызметін 2022 жылғы қазаннан 2024 жылғы шілдеге дейін атқарды және ел тарихындағы ең жас премьер-министр болды.

Ұқсас жаңалықтар

Юлия Галышева әлем кубогында Қазақстанға қола медаль әкелді

redaktor_qazyr

Мен биліке келсем,Украина көмек күтпесін — Дональд Трамп

redaktor_qazyr

МӘМС жүйесі: Медицинадағы дағдарыс тереңдеп барады

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz