19.3 C
Шымкент
29-Апрель, 2025
Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБасты ақпаратЖаңалықтарҚазірэкономика

Ел экспортының 35%-ын шикізаттық емес тауарлар құрайды

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның шикізаттық емес тауар айналымы 84,6 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылғы деңгейден 2,8%-ға жоғары. Бұл ретте 2024 жылы отандық шикізаттық емес тауарлардың экспорты 11,9%-ға өсіп, 28,8 млрд АҚШ долларын құрады. Ал, 2025 жылдың 2 айының қорытындысы бойынша тауар айналымы 11,2 млрд АҚШ доллар болды. Оның ішінде шикізаттық емес экспорттың үлесі 3,6 млрд АҚШ долларға тең. Бұл туралы ҚР СИМ Экспортты ілгерілету департаментінің директоры Бауыржан Болғанисов ОКҚ баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, жалпы экспорт құрылымында шикізаттық емес экспорттың үлесі 35%-ға жетті. Мәселен, былтыр және биылдың алғашқы екі айында Қазақстан қайта өңдеу, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өнеркәсібі өнімдерін белсенді экспорттады.

«2024 жылы экспорттың ең жоғары өсімін металлургия саласы көрсетті. Оның көлемі 16,9 млрд АҚШ долларын құрады, бұл қазақстандық металл өнімдерінің сыртқы нарықтағы жоғары бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстан азық-түліктің сенімді жеткізушісі ретінде, әсіресе, көрші елдер, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан елдері және Таяу Шығыс нарықтарында өз позициясын нығайтуды жалғастыруда. Тамақ өнімдерінің экспорты 2,8 млрд АҚШ долларын құрады. Машина жасау көрсеткішіне келетін болсақ, ол 2024 жылы 2,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өнеркәсіптің технологиялық қайта бағдарлануының және күрделі жабдықтар локализациясының өсуі туралы жақсы көрсеткіш», – деді спикер.

Сондай-ақ химия өнеркәсібі мен мұнай-химия экспортының айтарлықтай өсуі байқалады, олардың экспорты тиісінше 1,9 және 1,5 млрд АҚШ долларды құрады. Осылайша, 2024 жылы шикізаттық емес тауарлардың экспорты Қазақстанда индустрияландыру мен қайта өңдеуді дамытудың стратегиялық мақсаттарына сәйкес келетін өңдеу секторларында тұрақты өсумен сипатталды. Еліміздің шикізаттық емес тауарлар экспортындағы сауда серіктестері арасында Ресей Федерациясы, Қытай Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдері бар. 2024 жылы Қазақстан алғаш рет Мавритания, Лаос, Ямайка, Габон және Зимбабвеге өз тауарларын экспорттай бастады.

Сондай-ақ ҚР елшіліктері жанынан СИМ-нің Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан және Ирандағы сауда өкілдері тағайындалды. Басты сауда серіктестерінің бірі болып табылатын Қытай Халық Республикасының нарығына ерекше назар аударылады. Осылайша, QazTrade Үрімші қаласында өкілдік ашты.

 

Спикер Қазақстанның айтарлықтай логистикалық мүмкіндіктерін де атап өтті. СИМ индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар нысанында трансшекаралық хабтарды құру және дамыту бойынша жұмыс жүргізуде: Жетісу облысындағы Қорғас торабы, Маңғыстау облысындағы Каспий торабы, Батыс Қазақстан облысындағы Еуразия, Түркістан облысындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы және Жамбыл облысындағы «Алатау» Индустриялық сауда-логистикалық кешені.

«Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңға сәйкес СИМ шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету мақсатында Ұлттық даму институттарымен бірлесіп, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді отандық өндірушілерге сервистік, қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар

Астанада жаңа стадион салынады

admin_qazyr

Түркістан облысында азаматтарға 160 млн теңге шығын келтірген күдіктінің ісі сотқа жолданды

redaktor_qazyr

Үлкен Алматы өзені жағалауы қайта жаңғыртылады

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz