2025 жылғы 1 тамыздан бастап жұмысшы мамандықтар жылына орай журналистерге арналған байқауға өтінім қабылдау басталды. Бұл бастама ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жүзеге асуда.
Байқаудың негізгі мақсаты – елге адал еңбегімен үлгі болған қарапайым еңбек адамын таныту, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, сондай-ақ еңбекқорлық, адалдық және кәсібилік құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Байқауға еліміздің журналистері, блогерлері, контент-мейкерлері, видеографтар мен мобилографтар, фототілшілер, теле-радио қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ редакциялары мен шығармашылық ұжымдар келесі номинациялар бойынша қатыса алады:
Үздік бейнеролик – «Еңбек адамының портреті»;
Үздік телесюжет – «Еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын ілгерілету»;
Үздік фоторепортаж – «Шебердің бір күні»;
Үздік радио сұхбат – «Еңбек адамымен сұхбат»;
Үздік публицистикалық мақала – «Еңбек династиясының жетістік тарихы».
Әрбір номинация бойынша үш жеңімпаз анықталады.
Байқауға 2025 жылғы 1 қаңтар мен 31 тамыз аралығында республикалық немесе өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және интернет-ресурстарда жарияланған материалдар қабылданады.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты Еңбек күніне арналған республикалық форум аясында, 2025 жылғы 26 қыркүйекте өтеді.
Қатысу үшін өтінімдер 2025 жылғы 15 қыркүйекке дейін www.mdq.kz сайтында қабылданады.