Qazyr.kz порталы
Қоғам

Ғылыми және білім беретін Университет инновациялық технологияларының дәуірінде

Қазіргі заманғы ғылыми-білім беру университеті қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында дамып, бір жағынан жаңа сын-қатерлерге тап болса, екінші жағынан білім беру жүйесін жетілдіруге мол мүмкіндіктерге ие болып отыр.

Дәстүрлі оқыту формалары мен әдістері біртіндеп білім алушылардың сыни ойлауын, дербестігін, икемділігін және өмір бойы білім алуға бейімділігін дамытуға бағытталған инновациялық оқыту технологияларымен алмастырылуда. Осы жағдайларда ғылыми-білім беру университеті ғылымды, білімді және инновациялық қызметті біріктіретін негізгі орталық ретінде ерекше маңызға ие болуда.

Цифрлық платформаларды енгізу, жасанды интеллект, кеңейтілген және виртуалды шындық технологияларын, сондай-ақ басқа да заманауи цифрлық шешімдерді пайдалану жаңа білім беру ортасын қалыптастырады. Мұндай ортада оқу үдерісі интерактивті, дербестендірілген және қолжетімді сипатқа ие болады. Ғылыми-білім беру университеті тек білімді жеткізуші ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен технологиялық серпілістердің катализаторы ретінде әрекет етіп, XXI ғасырдың сын-қатерлеріне дайын, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ықпал етеді.

Цифрландыру дәуірінде және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің жеделдеуі жағдайында жоғары білім беруді дамытудың негізгі бағыттарының бірі — заманауи білім беру тәсілдерін интеграциялау және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсатына — сапалы, инклюзивті және жан-жақты білім беруді қамтамасыз етуге бағдарлану болып табылады. Білім беру үдерісін ұйымдастырудағы кешенді тәсіл сұранысқа ие және тиімді оқу нәтижелеріне қол жеткізуге, барлық білім алушылар үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыда CRAFT-технологиялары (Creative – шығармашылық, Reflective – рефлексиялық, Analytical – аналитикалық, Flexible – икемділік, Teamwork – командалық жұмыс) ерекше мәнге ие. Бұл технологиялар студенттердің кәсіби және әмбебап құзыреттерін кешенді дамытуға бағытталған инновациялық оқыту тәсілі болып табылады. Ғылыми-техникалық және инженерлік пәндерде CRAFT-технологияларын модельденген жобалық қызмет, портфолио құрастыру, интеллект-карталар жасау және кейстерді талдау арқылы қолдану дәстүрлі білім меңгеру шеңберінен тыс дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, шығармашылық ойлау, сыни талдау, шешім қабылдаудағы икемділік және командада тиімді жұмыс істеу қабілеттері дамиды.

Шығармашылық компонент (Creative) ғылыми-техникалық және инженерлік пәндерде студенттерге күрделі инженерлік міндеттерді стандарттан тыс шешуге және инновациялық жобалар әзірлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, студенттерге қолда бар материалдар мен цифрлық құралдарды пайдалана отырып биогеоценоз моделін құрастыру ұсынылады, бұл эксперименттік ойлауды және пәнаралық көзқарасты дамытуға ықпал етеді.

Рефлексиялық компонент (Reflective) жасушаларды микроскопиялау немесе генетиктердің сүйікті модельдік ағзасы — Drosophila melanogaster жеміс шыбынын будандастыру бойынша зертханалық жұмыстардан кейін бақылау күнделіктерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Студенттер алынған нәтижелерді талдап, қорытынды жасап, әрі қарайғы зерттеулерге арналған сұрақтарды тұжырымдайды. Бұл тәжірибе өзіндік талдау дағдыларын қалыптастырады.

Аналитикалық дағдылар (Analytical) ғылыми деректерді сыни тұрғыдан талдау, үдерістерді модельдеу, сапалық және сандық талдау жүргізу арқылы дамиды. Бұл инженерлік есептеулердің, биоинформатиканың және биологиядағы эксперименттік зерттеулердің ажырамас бөлігі болып табылады. Генетика пәндері аясында студенттер белгілердің тұқымқуалау заңдылықтарын түсіну үшін шежірелерді, тәжірибелік деректерді және тест нәтижелерін талдайды.

Икемділік (Flexible) студенттердің тез өзгеретін технологиялар мен кәсіби талаптарға бейімделу қабілетін, жаңа бағдарламалық және техникалық құралдарды меңгеруін, баламалы талдау әдістерін қолдануын және белгісіздік жағдайында шешім қабылдауын қамтиды.

Командалық жұмыс (Teamwork) ғылыми-техникалық және биотехнологиялық салалардағы пәнаралық жобаларды іске асыруда маңызды рөл атқарады. Инженерлер, биологтар, химиктер арасындағы бірлескен жұмыс коммуникативтік дағдыларды дамытып, жобалардың тиімділігін арттырады.

CRAFT-технологияларын ғылыми-техникалық және инженерлік білім беру бағдарламаларына енгізу мамандарды даярлау сапасын арттырып қана қоймай, инновациялық қызметке және білім экономикасы жағдайында табысты кәсіби мансапқа қажетті құзыреттерді қалыптастырады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде халықаралық стандарттарға сай заманауи білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған цифрлық трансформация стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Онлайн-платформаларды, виртуалды зертханаларды, бейімделген білім беру орталарын және жасанды интеллект құралдарын пайдалану білім беру сапасын арттыруға, студенттердің зерттеушілік әлеуетін дамытуға және олардың ғылыми қызметке белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ іргелі теориялық дайындықты практикаға бағытталған инновациялармен ұштастыратын ғылыми-білім беру орталығы ретінде қызмет атқарады. Цифрлық және гибридті оқыту технологияларын енгізу, қашықтан оқыту платформаларын, соның ішінде МООК-тарды білім беру пәндеріне интеграциялау, сондай-ақ жұмыс берушілер мен әлемнің жетекші ғалымдарын білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тарту қоғамның тұрақты дамуына үлес қоса алатын бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға жағдай жасайды.

Осылайша, қазіргі инновациялар жағдайында ғылыми-білім беру университеті заманауи білім беру әдістемелерін интеграциялайтын орталыққа айналып, CRAFT және STEM-технологиялары XXI ғасырдың сын-қатерлеріне дайын, креативті және әлеуметтік жауапты түлектерді қалыптастырудың негізі болып табылады әрі жаһандық тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға ықпал етеді.

Биология және биотехнология факультетінің ұжымы: қауымдастырылған профессоры Даулетбаева С.Б., PhD Жусупова А.И., профессор Чунетова Ж.Ж., қауымдастырылған профессоры Кусмангазинов А.Б., қауымдастырылған профессоры Алтыбаева Н.А., доцент Жумабаева Б.А., аға оқытушы Сейдахметова Г.Б.

 

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда «Менің Жеңіс тарихым» атты патриоттық челленджі басталды

admin_qazyr

Балаларына беретін ақшаны құмар ойынына тіккен бір топ азамат анықталды

Redaktor Site

Алмас Кішкенбаевтың соты белгісіз себептермен кейінге қалдырылды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz