Qazyr.kz порталы
БілімҚазір

Қазақ қыздары халықаралық бағдарламалау олимпиадасынан екі қола медаль алды

Қазақстан құрамасы Kaspi.kz қолдауымен Еуропалық қыздар арасындағы информатика олимпиадасына (European Girls Olympiad in Informatics — EGOI) қатысып, ел қоржынына екі қола медаль салды. Биылғы дода 2025 жылғы 14–20 шілде аралығында Германияның Бонн қаласында өтті. Олимпиадаға Еуропа, Азия және өзге де өңірлерден келген 60 елдің 226 оқушысы бақ сынады деп хабарлайды Qazyr.kz

Қазақстан атынан ұлттық іріктеу арқылы жасақталған құрама өнер көрсетті. Оның құрамына:

Тамилә Тұрғанбаева (Астана),

Алина Игзекова (Қостанай),

Аружан Баймұхамбетова (Астана),

Анита Исаева (Алматы) кірді.

Құраманың жетекшілері — Адина Мағауина мен Темірлан Сатылханов.

Биыл қазақстандық оқушы қыздар EGOI-ға Астанадан онлайн форматта қатысты. Олимпиаданың барлық кезеңі халықаралық талаптарға сай қатаң бақылауда өтті.

Барлық қатысушы үшін бұл осындай деңгейдегі алғашқы тәжірибе болса да, нәтиже қуантты: Тамилә Тұрғанбаева мен Аружан Баймұхамбетова Қазақстанға екі қола медаль әкелді.

— Біздің қыздардың халықаралық олимпиададағы жеңісі — жай ғана медаль емес. Бұл — Қазақстанда жоғары технологиялар саласында әлемдік деңгейде бәсекелесе алатын талантты оқушы қыздардың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Федерация алдағы уақытта да еліміздің түкпір-түкпіріндегі балаларға мүмкіндік жасап, жаңа IT буынды қанаттандыра береді, — деді Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин.

Олимпиаданың тағы бір маңызды қорытындысы — Қазақстан 2026 жылдан бастап EGOI-дың ресми қатысушы елдері қатарына енеді. Бұл мәртебеге құраманың жетекшілері төрт жыл бойы атсалысып, еліміздің мүддесін олимпиаданың Бас ассамблеясында қорғап келді.

Команданың сапар шығындарын Федерацияның бас серіктесі — Kaspi.kz қаржыландырды. Федерация Kaspi.kz-ке бағдарламалау саласында қыздарға арналған білім мүмкіндіктерін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.

Айта кетейік, European Girls Olympiad in Informatics — қыздардың компьютерлік ғылымды меңгеруін қолдап, IT саласындағы гендерлік теңсіздікті азайтуға бағытталған халықаралық олимпиада. Қазақстан EGOI-ға 2021 жылдан бері қатысып келеді. Федерацияның жүйелі жұмысының арқасында елімізде жас программист қыздардың белсенді және амбициясы зор қауымдастығы қалыптасып үлгерді.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

«Құл болмау үшін билікті өзгерту керек» Маңғыстау облысында TikTok-тағы видеосы үшін 11 баланың анасы 3 жылға қамалды

redaktor_qazyr

Қазақстан АЭС құрылысын Қытайға тапсыратын болды

admin_qazyr

Алматыда спорттағы дарынды балаларға арналған жаңа мектеп-интернат салынады

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz