Qazyr.kz порталы
ҚазірҚоғамэкономика

Қазақстанда автокөлік пен қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт іске қосылады

Қазақстанда автокөлік өндірісі саласында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Жақын арада елімізде екі жаңа зауыт іске қосылып, олар автокөліктер мен қосалқы бөлшектерді өндіруге бағытталады. Бұл туралы ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді.

«Биыл екі зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Соның бірі — қытайлық брендтерге тиесілі автокөліктер шығаратын зауыт. Ол жақын арада іске қосылады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 100 мыңнан астам көлік шығаруға есептелген. Онда автокөліктермен қатар, бөлшектерді де өндіру қарастырылған. Әрбір өндіруші өз міндеттемесін толық орындауы тиіс», – деді вице-министр.

Олжас Сапарбеков өткен жылы кейбір бөлшектердің өндірісі жолға қойылғанын еске салды. Енді пластикалық бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық құрылғыларды шығару жоспарда бар екенін атап өтті.

Халық тарапынан кейбір көліктердің жергілікті жол жағдайына сәйкес келмейтіні жөнінде шағымдар түсіп жатқанын да тілге тиек етті.

«Бұл көбіне-көп көліктің қалай әкелінгеніне байланысты. Егер оларды делдалдар жеткізсе, жол талаптарына сай келмеуі мүмкін. Қазақстанда ұлттық заңнамада техникалық регламент талаптары бар. Біздің елде шығарылатын көліктер осы талаптарға толық сәйкес келеді», – деп түсіндірді ол.

Вице-министр көлік бағасына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы техникалық регламенттерде айтарлықтай айырмашылық бар.

«Бізде болат, металл, қозғалтқыш және қауіпсіздікке қойылатын талаптар әлдеқайда қатаң. Бұл — өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Жеке тұлғалар Қытайдан арзандау көлік әкеліп, осындағы бағамен салыстырып жатады. Бірақ мен біздің елде шығарылатын көліктердің бағасы бәсекеге қабілетті деп айтар едім. Кейбір модельдер бойынша біз ұтып отырмыз», – деді Олжас Сапарбеков.

Сондай-ақ, Қытайдан арзан көліктердің кейде пайдаланылған техника ретінде жеткізіліп жатқаны, кейбір жағдайларда VIN-коды бұрмаланған көліктердің анықталғаны туралы да пікір білдірді.

«Мұндай схемалар туралы бізге көбінесе әлеуметтік желілерден белгілі болады. Бүгін бір сарапшының жазбасын оқыдым, онда VIN-коды өзгертілген көлік сатып алғаны туралы айтылған. Бұл — техникалық регламентке сәйкес келмеудің нақты мысалы. Мұндай жағдайлар азаматтардың ақшалай шығынға ұшырауына себеп болуы мүмкін», – деді ол.

Жаңа зауыттардың іске қосылуы Қазақстанда автоөнеркәсіптің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, импортқа тәуелділіктің азаюына және отандық өнім үлесінің артуына ықпал етпек.

 

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев маңызды заңға қол қойды

admin_qazyr

Алматыда қамаудағы сатиралық парақша авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққан журналистті полиция ұстап әкетті

redaktor_qazyr

Балалар хирургиясының негізін қалаушы дәрігер Камал Ормантаев өмірден озды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz