Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

Маңғыстауда онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын алғашқы заманауи орталық ашылды

28 тамыз күні Ақтау қаласында Батыс Қазақстан аймағында алғаш рет позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ/КТ) орталығы ашылды. Жаңа медициналық мекеме өңір халқы үшін онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға және жоғары технологиялы көмек алуға жол ашпақ.

Бұған дейін Маңғыстау облысы мен көршілес өңір тұрғындары ПЭТ/КТ-зерттеуден өту үшін Алматы немесе Астана қалаларына баруға мәжбүр болатын. Енді ашылған орталық заманауи диагностикаға жол ашып, тұрғындардың уақытын және қаражатын үнемдейді. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы зерттеулердің сапасы да арта түспек.

Жылына 2000-нан астам зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін орталық 25 жаңа жұмыс орнын құрып отыр. Алғашқы күні-ақ бірнеше науқас тексеруден өтті. Заманауи қондырғылар Германия, АҚШ және Оңтүстік Кореядан жеткізілген.

Бұл жоба «Orhun Medical» компаниясының және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. 2024 жылғы 4 желтоқсанда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен «Orhun Medical» ЖШС бас директоры Дирик Гёненчтің кездесуі барысында аймақта заманауи онкологиялық орталық ашу және мамандарды оқыту туралы келісім жасалған болатын.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, жаңа орталықтың іске қосылуы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде жоғары технологиялы медициналық көмекті дамытуға бағытталған маңызды қадам.
– Президент денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып келеді. Батыс Қазақстанда алғаш рет дәл біздің өңірімізде онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын орталық ашылды. Енді тұрғындар толыққанды тексерулерді өз аймағында өте алады. Ерте диагностика қаншалықты қолжетімді болса, асқынған ауруды анықтау жағдайлары да соншалықты азаяды. Осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігіне алғыс айтамыз, – деді облыс әкімі.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы 7 айында Маңғыстау облысында 562 онкологиялық жағдай тіркелген. Оның ішінде 312 науқаста ауру 1–2 сатысында, 157 адамда 0–1 сатысында, 36 жағдайда 3–4 сатысында анықталған. Ал 57 науқаста ауру алғаш рет 4-сатысында тіркелді. Бұл көрсеткіштер өңірде ерте диагностиканың маңыздылығын айқын көрсетіп отыр.

Жаңа ПЭТ/КТ орталығы Маңғыстау халқы үшін сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, ауыр дерттерді ерте анықтауға және науқастардың өмір сапасын жақсартуға зор үлес қоспақ.

Ұқсас жаңалықтар

Сахнада боқтық сөз айтқаны үшін Қайрат Нұртасқа айыппұл салынды

redaktor_qazyr

Жетісуда 84 отбасы баспаналы болды

admin_qazyr

Алматыда ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне берілетін төлем мөлшері артты

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz