Qazyr.kz порталы
Руханият

Міржақып Дулатов — Терме

Ғақлы кәміл жігіттер,
Заманның көз сал халына.
Халқыңның ойла файдасын,
Өзің үшін налыма.

Нашарларды жылатып,
Байлардың сатпа малына.
Көз жасына қаларсың,
Қарамасаң зарына.

Баса айтпасам болмайды.
Жүк тартатын нарыма.
Қайратың болса, ал көрсет,
Келді ыңғайлы жағыңа.

Бәйгеге қостым тұлпар деп,
Ұқсап жүрме жабыға.
Алдымен өлсең майданда,
Талас жоқ сенің бағыңа.

Көре алмаған дұшпандар,
Ілесе алмас шаңыңа.
Басыңды тік бәйгеге.
Бір халқыңның қамына.

“Алаш!” деп ұран естілсе,
Кім бұрылмас қанына.
Фаһімлер деп айтамын,
Фарасатың барына.

Бұл уақытта кез келдік,
Заманның мұндай тарына.
Асықбасаң көрерсің
Мұны азсынсаң тағы да.

Хиянаттан бой тартып,
Шық ғаділет жағына.
Мұны істесең, шығарсың,
Абыройдың тағына.

Ұқсас жаңалықтар

Грекия туралы дерек

Redaktor Site

Қым-қуыт тіршілікте көп нәрсе бізге мәселе болып көрінері анық

redaktor_qazyr

Мемлекет басшысы опера әншісі Әйгерім Алтынбекті құттықтады

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz