Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізу, сондай-ақ көппәтерлі үйлерге, әлеуметтік және басқа да нысандарға дезинфекция жасау жөнінде тапсырма берілді.
Су тасқынына байланысты жұқпалы аурулардың таралып жатқаны және эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат расталмады.
Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тұрғын үйлерді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық нысандарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топ жасақтау жөнінде тапсырма берілді.
– Су басқан өңірлердің әкімдері қажетті қаржыландыру туралы есепті жедел штабқа тез арада беруі керек. Сондай-ақ аумақты қоқыстан, қираған үйлер мен құрылыстардың үйінділерінен тазартқан жөн. Зардап шеккен өңірлерге Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурстары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлерін жіберу қажет. Айтпақшы, су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бірреттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азаматтар үшін тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шараларды басқарудың ұзақмерзімді стратегиясын анықтап, тиісті бағдарламалық құжаттарды қабылдау міндетін жүктеді.
Жиын барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.