Qazyr.kz порталы
Басты ақпарат

Саяси партиялар халықтық Конституцияны қолдайтындарын мәлімдеді

Бүгін Астанада Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасына арналған партияаралық диалог өтті. Саяси партиялардың өкілдері жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары мен ережелерін талқылап, өз ұстанымдарын білдірді.

«Qazaqstan» телеарнасының әлеуметтік желідегі парақшалары мен «Хабар» телеарнасының YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілген пікірталасқа Қазақстандағы 7 партияның 14 спикері қатысты.

Пікірталас барысында Тәуелсіздік пен ұлттық бірлікті нығайту, парламенттік бақылауды күшейту, білім мен ғылымды дамыту, әлеуметтік кепілдіктер, меншік құқығын қорғау, мемлекеттің экологиялық жауапкершілігі, цифрлық құқық және Конституцияны өзгерту тәртібі сияқты маңызды мәселелер көтерілді.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым Конституция жобасының 3-бабында алғаш рет мемлекеттің стратегиялық қағидаттары – Тәуелсіздікті қорғау, ұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық диалогты дамыту және адам құқығын қорғау сияқты басымдықтар бекітілгенін атап өтті.

«Жаңа Конституцияның 3-бабы – мемлекеттік саясаттың іргетасы. Бұл жай ғана құндылықтар тізімі емес, билік қабылдайтын барлық шешімдер үшін құқықтық бағдар», – деді Айдос Сарым.

Оның әріптесі Үнзила Шапақ Конституцияны жаңғырту жаһандық технологиялық өзгерістер кезеңінде құқық үстемдігін нығайтып, демократиялық институттарды дамытатынын айтты.

«Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев жаңа Конституция жобасында адамның құндылығы мен адами капиталдың басымдығы нақты бекітілгенін алға тартты.

«Жаңа Конституцияда адам капиталы жер қойнауынан да маңызды екені көрсетілді. Мемлекет енді білім мен ғылымға және азаматтардың әл-ауқатына басымдық береді», – деді ол.

Жаңа Конституция инвестициялар үшін ашық және болжамды жағдай жасайды

«Ауыл» партиясының мүшесі Жигули Дайрабаев Конституцияға енгізілетін өзгерістердің бұдан былай тек жалпыхалықтық референдум арқылы шешілетініне ерекше тоқталды.

«Бұл – түпкілікті шешімді тек халық қабылдайтынын бекітетін ереже», – деді депутат.

«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Конституция экономикалық дамуға тұрақты әрі болжамды негіз қалыптастыратынын атап өтті.

«Жаңа Конституция инвестициялар үшін ашық және болжамды жағдай жасайды. Бұл меншік құқығының беріктігі мен заңдардың тұрақтылығына тікелей байланысты», – деді ол.

Оның әріптесі Екатерина Смолякова мемлекет пен бизнестің әріптестігіне Конституция арқылы жаңа құқықтық негіз жасалғанын айтты.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Конституцияның әлеуметтік мемлекет қағидатын нақты бекітетінін жеткізді.

«Бұл – мемлекеттің халыққа қызмет етуге міндетті екенін мойындау», – деді депутат.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азамат Әміртаев қоршаған ортаны қорғау конституциялық міндетке айналғанын, ал партия мүшесі Тәңірберген Бердоңғаров «Миранда ережесі» Конституцияға енгізілгенін жоғары бағалады.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев пропорционалды сайлау жүйесі саяси бәсекелестікті арттыратынын мәлімдеді. Ал партияның өкілі Дания Еспаева жеке меншік құқығының тең қорғалатынына назар аударды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасы Асхат Рақымжанов Конституцияда цифрлық ортадағы жеке мәліметтердің қорғалуы ерекше ескерілгенін, ал оның әріптесі Нұрлан Әуесбаев отбасы институтын күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

Осылайша, партияаралық диалог алаңы жаңа Конституция жобасы аясында партиялардың ұстанымдарын салыстыруға, елдің болашақ дамуына қатысты ортақ пікір қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда резервтегі әскери қызмет енгізіледі

redaktor_qazyr

Бейбіт Исабаев ардагерлерге алғыс білдіріп, мерекелік марапаттар табыстады

admin_qazyr

Тәжікстан сауда өкілі Жетісудың экспорттық әлеуетіне қызығушылық танытуда

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz