Qazyr.kz порталы
экономика

«Shell» Қазақстанда жаңа барлау кезеңін бастайды

Келісім

ҚР Энергетика министрлігі мен «Shell Қазақстан» компаниясы Ақтөбе облысындағы «Жаңатұрмыс» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жөнінде келісімшарт жасасты, деп жазады Qazyr.kz.

Келісімге Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров пен «Shell» концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрайымы Сюзанн Куган қол қойды.

Аталған құжатқа сәйкес, «Shell Қазақстан» компаниясы белгіленген учаскеде сейсмикалық зерттеу жүргізіп, геологиялық деректер жинап, техникалық бағалау жасайды. Барлық іс-шаралар заңнама талаптарын сақтай отырып және тиісті рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың айтуынша, бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ көмірсутек қорларын ұзақ мерзімге арттыруға бағытталған. Оның ойынша, жаңа жоба аймақтағы тұрақты экономикалық өсімге серпін береді.

Ал «Shell» компаниясының Қазақстандағы басшысы Сюзанн Куган келісімнің маңызды екенін атап өтті.

– Бұл келісім «Shell » компаниясының Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін көрсетеді. Біз өзіміздің тәжірибеміз бен заманауи технологияларымызды қолдана отырып, елдегі геологиялық барлау жұмыстарына белсенді атсалысып, ресурстық базаны кеңейтуге үлес қосуға дайынбыз, – деді ол.

Жалпы аумағы 1377 шаршы шақырымды құрайтын «Жаңатұрмыс» учаскесі – Қазақстандағы перспективалы мұнай-газ бассейндерінің бірі саналады. Бұл жерде 3D сейсмикалық зерттеулер жүргізіліп, терең барлау ұңғымаларын бұрғылау мәселесі қарастырылады.

Жобаның күрделігі мен ауқымына байланысты, келісімшарт мерзімі 2032 жылға дейін белгіленді. Компания келісім кезеңінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 100 млн теңге көлемінде қаражат бөледі.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласында көмірсутектерді барлау және өндіруге байланысты жалпы 321 келісімшарт қолданыста бар.

Ұқсас жаңалықтар

«Алатау аманаты»: Алматы маңында тау туризмін дамытатын ұлттық жоба басталды

admin_qazyr

Қазақстанда «үй жанындағы дүкендердегі» бағаларды бақылау күшейтіледі

admin_qazyr

АӨК-ті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы тұрақты нәтижелер көрсетуде

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz