Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, қала құрылысын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Qazyr.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы қаланың жоғарғы бөлігінде — экологиялық және табиғи маңызы жоғары аймақта — көпқабатты тұрғын үйлер мен нүктелі құрылыс жүргізуге мораторий енгізуді тапсырды. Бұл шектеу әлеуметтік инфрақұрылым мен туристік кластер нысандарын қамтымайды, олар Бас жоспар аясында қарастырылған.
Сондай-ақ Президент қаланың Бас жоспарына шұғыл түрде өзгерістер енгізіп, табиғатты қорғау шараларын күшейту, қалалық ортаның үйлесімді дамуын қамтамасыз ету және тау бөктерін құрылысқа беруден сақтау қажеттігін атап өтті.
Дархан Сатыбалды Алматы қаласының 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Оның айтуынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 11%-ға өскен, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 25,4%-ға артқан.
Қала басшысы полицентрлік даму тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды орталықтан шеткері аймақтарға теңдей бөлу арқылы халыққа қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, көлік жүйесін дамыту, ауданаралық байланысты күшейту және қоғамдық көлікке қолжетімділікті арттыру бағытындағы бастамалар да қарастырылған.