Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жоспарланған 7263 тазалық іс-шарасы басталды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды,- деп хабарлайды Qazyr.kz
Жиналыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен көктемгі ағаш егу және көгалдандыру жұмыстары бойынша баяндады. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты қадағалауда, сондай-ақ, арнайы техника алу жұмыстары да бақылауға алынды.
Қазіргі таңда «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 1 527 өтінім түскен. Оның ішінде, 1 505 өтінім орындалған, 22 өтінім орындалу барысында. Сондай-ақ биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 4487 хаттама толтырылған.
Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару мәселесі бойынша барлық аудан, қала әкімдіктері жарғыларына толықтай өзгерістер енгізді. Ендігі кезекте, 262 елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтарын жинау бойынша және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті іс-шаралар ұйымдастырылады.