«Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды суға батқан 11 адамының әулетіне көңіл айтып барды»,-деп хабарлайды Қазір.кз ақпарат агенттігі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
– Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданында қайғылы жағдайға ұшыраған әулетке арнайы барды. Сырдария өзенінде орын алған оқыс оқиғадан қайғы жамылған әулеттің ата-аналарына, ет жақындарына көңіл айтты. Қайғыларына ортақтасып, құранға қатысты. Тиісті көмек көрсетіп, қажеттілігінше қолдау ұйымдастыру жүргізілетінін жеткізді.
Отырар ауданында бір әулеттен шыққан 4 отбасының мүшелері дарияға демалуға келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Бүгінде суға батқан 11 адамның 9-ы табылып, жаназасын шығарып, жер қойнына тапсырды. Оқыс оқиғаға орай Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, құтқарушылар, аудан әкімдігі мен орман шаруашылығы және еріктілер жолданып, бірден іздестіру шараларына кірісті. Мәселе облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауына алынып, тиісті үйлестіру жұмыстарын жүргізді. Облыс әкімінің екі орынбасары аталған жерде болып, тиісті көмектер ұйымдастырылды. Іздестіру шараларына жалпы 150 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмылдырылды.
Қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз, – делінген хабарламада.