Қазақстанда ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесіне баса назар аударылуда. Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов бұл бағыттағы маңызды бастамалар мен жоспарлар жайлы мәлімдеді деп хабарлайды Qazyr.kz
Премьер-Министрдің айтуынша, ауылдық жерлерге кәсіби мамандарды тарту мен оларды тұрақты орналастыру болашақ аналар мен балаларға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетудің негізгі жолы болмақ. Бұл бағытта акушерлер, гинекологтер, неонатологтер, педиатрлар мен реаниматологтерді үздіксіз оқыту және қайта даярлау жұмыстары жалғасатын болады. Сонымен қатар, еліміздің жетекші клиникаларының базасында оқу орталықтарын дамыту жоспарланған.
Босану кезіндегі қауіпсіздікті арттыру үшін перинаталдық орталықтарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Бұл бастама ана мен нәресте өлімі деңгейін одан әрі төмендетуге бағытталған.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2024 жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде ана өлімі 12%-ға, ал нәресте өлімі 11%-ға азайған. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштер тиісінше 10% және 26%-ға төмендеген.
Мұндай нәтижелерге медициналық көмектің жаңа әдістерін енгізу арқылы қол жеткізілді. Атап айтқанда, акушерия мен педиатрия саласында 45 клиникалық хаттама жаңартылып, босанғаннан кейінгі қан кетулердің алдын алудың жаңа тәсілдері енгізілген.
Медициналық авиация арқылы ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96%-ы дер кезінде құтқарылған. Сонымен бірге, перинаталдық мекемелерді жабдықтау көрсеткіші 87%-ға дейін жетіп, медициналық техниканың тозу деңгейі 37%-ға дейін төмендеген.
Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде 12 жаңа заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарлануда. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз, Қарағанды, Қаскелең, Қостанай, Қызылорда, Орал, Темірлан ауылында бой көтермек.
Цифрлық трансформация аясында электронды денсаулық паспорттары, жүкті әйелдердің электрондық карталары мен балалардың цифрлық бейіндері енгізіліп жатыр. Бұл медициналық қызметтің сапасын арттырып, қауіп факторларын ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Осылайша, Үкіметтің қабылдаған кешенді шараларының арқасында ана мен бала саулығы жолында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, өңірлер мен ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталмақ.