Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мемлекеттік қаржы саласына цифрлық теңгені енгізу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысын өткізді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Ортамерзімдік кезеңде кемінде 100 мемлекеттік жобаны жүзеге асыру кезінде цифрлық теңгені енгізу міндеті қойылып отыр. Ол үшін Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесіп, транзиттік интеграция моделін жүзеге асыруда. Нысаналы модель Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті үшін бірыңғай терезе құруды, цифрлық теңгені эмиссиялау және өтеу жөніндегі үдерістерді автоматтандыруды, сондай-ақ өтімділікті басқару тәсілдерін енгізуді көздейді.
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі – цифрлық трансформация жетекшісі Бинұр Жәленов енгізу барысы мен кеңейту жоспарын ұсынды. Қазіргі уақытта пилоттық режимде цифрлық теңгені пайдалану бойынша бірнеше жоба сынақтан өткізілуде: Павлодар және Атырау облыстарындағы жолдарды орташа жөндеу бойынша екі жоба және Астанадағы мектеп оқушыларына тегін ыстық тамақ алуға ваучерлер бөлу жобасы. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру кезінде, «Даму» қоры желісі бойынша кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасына, Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік сатып алулары кезінде боялған ақшаны енгізу жөніндегі пилоттық жобалар пысықталуда.
Таңбаланған цифрлық бюджет қаражаты тек келісімшартта белгіленген мақсаттарға ғана пайдаланылуы мүмкін. Оларды қолма-қол ақшаға немесе қолма-қол ақшасыз ақшаға айырбастауға болмайды. Таңбалау жұмыстарды немесе қызметтерді толық орындап, түпкілікті өндірушілерге жеткізілімді растағаннан соң немесе шарт талаптары аяқталғаннан кейін ғана алынады.
Бұл цифрлық теңгені бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын автоматтандыру мен бақылаудың икемді құралына айналдырады.
Пилоттық жобалар кеңейтудің алдында шешілуге тиіс бірқатар мәселені анықтады.
Жол жөндеу кезінде цифрлық теңгені енгізу үшін тауарды, жұмыс пен қызметті нормалаудың бірыңғай әдістемесі қажет. Сондай-ақ барлық тауарлар мен қызметтердің боялған бөлшектерімен жобалау-сметалық құжаттаманы цифрландыру қажет. Ол үшін цифрлық теңге платформасын жолдарды жөндеуге сертификатталған тауарларды өндірушілердің немесе лицензияланған жеткізушілердің эталондық дерекқорларымен интеграциялау қажет. Сондай-ақ транзакцияны тексеру әдістемесі мен шығындарды салыстыру алгоритмдері қажет.
«Пилот қорытындысы бойынша біз жекелеген материалдар мен қызметтердің құнындағы айтарлықтай сәйкессіздіктерді көрдік. Салалық сараптамасыз бұл алшақтықтың себебін объективті бағалау мүмкін емес», — деді Бинұр Жәленов.
Бұдан бөлек, цифрлық теңге арқылы төлеу үшін тізбектің барлық қатысушылары – тапсырыс берушілер, бас мердігерлер және қосалқы мердігерлер — «е-шарттар» жүйесінде цифрлық теңгедегі шоттары болуға тиіс.

