Qazyr.kz порталы
АймақБілімҚазірҚоғам

Жастарды онлайн-алаяқтықтан қорғайтын «Qarzhy Saqshysy» жобасы Алматы қаласында жүзеге асуда

2025 жылдың 1–15 желтоқсан аралығында Алматы қаласының мектептері мен колледждерінде жалпыұлттық «Заң және тәртіп» нарративі аясында қаржылық қауіпсіздікке арналған республикалық білім беру жобасы — «Qarzhy Saqshysy» компьютерлік ойыны ұйымдастырылуда. Жоба жасөспірімдер мен жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ оларды заманауи цифрлық қауіптерден қорғауға бағытталған деп хабарлайды Qazyr.kz.

Аталған жобаны Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Қалалық білім басқармасымен бірлесіп жүзеге асырып отыр. Ал интерактивті ойынды әзірлеуші — AML Academy, жоба Агенттіктің Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен дайындалған. Бұл — мемлекеттік органдар мен білім беру саласының және сарапшылар қауымдастығының ортақ бастамасы.

Жобаның басты мақсаты — жасөспірімдердің қаржылық мәдениетін қалыптастыру, интернет кеңістігінде қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын дамыту және оларды алаяқтық әрекеттерден қорғау. Қазіргі таңда жасөспірімдер банк карталарын, мобильді қосымшаларды, әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн-платформаларды белсенді пайдаланады. Осыған байланысты, олардың алаяқтардың тұзағына түсіп қалу қаупі де артып отыр.

«Qarzhy Saqshysy» ойыны барысында қатысушылар қаржылық алаяқтықтың ең кең таралған түрлерімен танысады. Атап айтқанда, қаржы пирамидалары, дропперлік, фишингтік шабуылдар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық, сондай-ақ цифрлық гигиенаның негізгі ережелері түсіндіріледі. Жасөспірімдерге қылмыскерлердің қандай әдіс-тәсілдер қолданатыны, олардың құрбанына айналмау үшін нені ескеру керектігі нақты мысалдар арқылы көрсетіледі.

Әсіресе кейінгі жылдары кең тараған дропперлік мәселесіне ерекше назар аударылады. Оқушылар мен студенттерге бөтен шоттарға ақша аудару, өз банк картасын үшінші тұлғаларға беру ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екені жан-жақты түсіндіріледі. Олар мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетінін де біледі.

Ойынның форматы — толықтай интерактивті. Қатысушылар түрлі практикалық тапсырмаларды орындайды, нақты жағдайларға негізделген мини-сценарийлерді талдайды және сұрақтарға жауап береді. Бұл тәсіл жасөспірімдердің алған білімін тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибе арқылы да меңгеруіне мүмкіндік береді. Оқушылар өз әрекеттерінің салдарын виртуалды форматта көріп, қателіктерден сабақ алады.

Жобаға негізінен Алматы қаласындағы 10–11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысуда. Бұл — цифрлық технологияларды белсенді пайдаланатын, түрлі қаржылық операцияларды өз бетімен жасай бастаған жас санат. Сондықтан олардың қаржылық қауіпсіздік бойынша білім алуы — өте өзекті мәселе.

Оқу кезеңінің қорытындысы бойынша ең үздік қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Алайда ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға қатысушылар үшін ең басты нәтиже — жүлде емес, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған нақты білім мен тәжірибе.

Жоба ұйымдастырушылары «Qarzhy Saqshysy» жасөспірімдер арасындағы қаржылық қылмыстардың алдын алуға, олардың құқықтық және цифрлық мәдениетін арттыруға оң әсер етеді деп сенеді. Мұндай бастамалар болашақта саналы, заңға бағынатын әрі қаржылық тұрғыда жауапты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.

Ұқсас жаңалықтар

Жастар қазақ тілінің қажеттілігі күн өткен сайын артып келе жатқанын жақсы ұғынуда – Дәурен Қуат

admin_qazyr

Қорғаныс министрлігі биыл 42 мың азаматты әскерге шақыруды жоспарлап отыр

admin_qazyr

Бәкір Тәжібаев — Туған елім

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz