Qazyr.kz порталы
ҚазірПайдалы кеңестерэкономика

Жеңіл несие: «Өрлеу» бағдарламасы кәсіпкерлерді қолдайды

Қазақстанда микро, шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған жеңілдетілген несиелеудің жаңа мүмкіндігі пайда болды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ұлттық экономика министрлігі мен «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен жаңа «Өрлеу» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама жайлы Qazyr.kz хабарлады.

«Өрлеу» бағдарламасының негізгі мақсаты – экономиканың басым секторларында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсету және олардың іскерлік белсенділігін арттыру. Жеңілдетілген несиелеу өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, туризм, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын қамтиды.

Бағдарлама аясында түпкі қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайды. Жалпы қаржыландыру көлемі – 750 млрд теңге, оның ішінде 300 млрд теңгесі «Даму» қоры арқылы, ал қалған 450 млрд теңгесі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп қаржыландыру арқылы беріледі.

Бағдарлама шарттары:

Қарыздың ең жоғары сомасы:

– инвестициялық жобалар үшін – 7 млрд теңгеге дейін,

– айналым қаражатына – 3,5 млрд теңгеге дейін.

Қаржыландыру мерзімі:

– инвестициялық мақсаттарға – 10 жылға дейін,

– айналым қаражатын толықтыруға – 3 жылға дейін,

– қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруға – берешек мерзімінің қалған бөлігімен шектеледі.

Қолдау көрсетілетін экономикалық салалар:

Өңдеу өнеркәсібі (тамақ, тоқыма, химия, фармацевтика, жиһаз және т.б. өнімдер),

Көлік және қоймалау (жүк және жолаушылар тасымалы, логистика),

Туризм (қонақүй, кемпинг қызметтері),

Білім беру (мемлекеттік тапсырыс аясындағы мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелері),

Денсаулық сақтау (медициналық орталықтар, көпбейінді клиникалар).

Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкерлер тікелей несие беруші банктерге өтініш беруі тиіс. Қазіргі уақытта Freedom Bank, ЦентрКредит Банкі және Halyk Bank сынды қаржы ұйымдарымен тиісті келісімдер жасалған.

«Өрлеу» бағдарламасы арқылы мемлекет кәсіпкерлерге жаңа серпін беріп, ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосуды көздеп отыр.

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Мұғалімнің айлығын сағат санына байламау керек

redaktor_qazyr

Ақтаудағы жаттықтырушы қыздың өлімі: Қылмысқа қатысушыларға сот үкімі шықты

redaktor_qazyr

Тегін психологиялық көмек керек болса

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz