Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

Жетісуда жаңа оқу жылы қарсаңында жол қауіпсіздігі күшейтілді

Жаңа оқу жылы қарсаңында Жетісу облысында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Мектептердің маңындағы жаяу жүргіншілер жолақтары қайта боялып, ескірген жол белгілері ауыстырылып жатыр деп хабарлайды Qazyr.kz

Тек Талдықорған қаласының өзінде 22 мектептің алдындағы жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылып, 81 жол белгісі орнатылған. Ал облыс аумағында жалпы 800-ден астам белгі ауыстырылды. Сондай-ақ бүлінген жасанды кедергілер жөнделіп, көлік жүргізушілерінің жылдамдығын тежеу шаралары қолға алынуда.

Облыстағы 300-ден астам мектепте биыл 130 мыңнан аса бала білім алады, оның ішінде 13 мыңнан астамы алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Осыған байланысты тәртіп сақшылары оқу жылының алғашқы күндерінен бастап мектеп маңында кезекшілікке кірісіп, оқушылармен жолда жүру ережелері бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.

Облыстық Полиция департаментінің деректеріне сәйкес, өткен жылдың жеті айында балалардың қатысуымен 109 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 134 жағдайға дейін өскен. Жол қозғалысына қатысатын балалардың қауіпсіздігін арттыру – аймақ үшін өзекті мәселе болып отыр.

Сонымен қатар, ата-аналарға балаларға электросамокат пен электрмопед алып беруде сақ болу керектігі ескертілді. Себебі мұндай көлік құралын пайдаланған балалар жол жүру ережелерін толық сақтай бермейді.

Оқу жылы басталысымен облыстық полиция қызметі мен білім басқармасы бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастырмақ.

Ұқсас жаңалықтар

WorldSkills Almaty-2025 X аймақтық чемпионатының жеңімпаздары анықталды

admin_qazyr

Мемлекет басшысы Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинді қабылдады

admin_qazyr

Көктемгі су тасқыны: қауіп сейілген жоқ

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz