Qazyr.kz порталы
Аймақ

Жетісудағы төрт түліктің өсімі – ветеринардың жанкешті еңбегінің жемісі – Әлібек Жақанбаев

Жетісу облысында ветеринария саласы жаңа серпін алуда. Талдықорғанда өткен мерекелік жиында мал дәрігерлеріне көліктердің кілті табысталды. Бұл ауылдағы төрт түліктің амандығын сақтауға жасалған нақты қадам. Себебі ветеринардың жұмысы кабинеттің ішінде емес, алыс ауылда, мал жайылымының қақ ортасында жүреді. Олардың астында көлігі болса – уақытты ұтпайды, ауруға қарсы шараны дер кезінде қабылдайды. Осы ретте Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевпен болған сұхбатта ветеринария саласындағы соңғы өзгерістер, мал басының арту себептері, аурулардың алдын алу шаралары және сала мамандарының әлеуметтік жағдайы кеңінен сөз болды.

 

– Әлібек Әскербекұлы, бүгінгі мерекелік жиында мал дәрігерлеріне автокөліктердің кілті табыстадыңыздар. Мемлекеттің қолдауы ауылдағы мал басының септігін тигізетін шығар?

– Әрине, жаңа көлікке ие болған мал дәргерлері жұмысын ширатып, облысымыздағы мал басының артуына ықпа ететіні сөзсіз. Ветеринар мамандардың еңбегін бағалау – біздің қоғам алдындағы борышымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Мал басының амандығы мен өнімділігі жергілікті ветеринарлардың жұмысына тікелей байланысты» деп атап өткен болатын.

Шынында да, ауылдағы төрт түлік малдың саулығы – ауыл тұрғынының тұрмыс деңгейі мен әл-ауқаты. Сондықтан біз тек құттықтап қана қоймай, нақты қолдау көрсетуіміз керек. Бүгін берілген көліктер – соның көрінісі.

Өйткені ветеринардың жұмысы кабинетпен шектелмейді, алыс ауылдарға, мал жайылымына жетуі қажет. Қолында көлігі болса, уақыт ұтпайды, аурудың алдын алуда жедел әрекет етеді. Бұл қарапайым, бірақ стратегиялық маңызы бар қадам.

– Соңғы жылдары ветеринария саласының маңызы артып келеді. Сіз осы саладағы басты өзгерістерді қалай бағалайсыз?

– Ветеринария саласының бүгінгі жағдайына тоқталсақ, ең әуелі бір айқын шындықты айтуға тиіспіз. Бұл сала бұрынғыдай екінші қатардағы жұмыс емес, ауылдың тағдырын шешетін негізгі тірекке айналып отыр. Соңғы жылдары әлемде жануардан тарайтын індеттердің қауіптілігі күшейді. Африка шошқа обасы, құс тұмауы, сібір жарасы секілді аурулар бір ғана елдің емес, тұтас аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер ететінін көріп отырмыз. Сондықтан облысымыздағы эпизоотиялық ахуалдың тұрақты болуы – үлкен жетістік әрі халық үшін тыныштықтың кепілі. Жыл басынан бері аса қауіпті жұқпалы аурулардың ошағы тіркелмеді, бұл – ветеринар мамандардың күндіз-түні атқарған еңбегінің жемісі деп білемін.

Көпшілікке ресми мәлімет сияқты көрінгенімен, оның артында қарапайым халықтың тұрмысына тікелей әсер бар. Мал аман болса – өнім мол болады. Өнім мол болса – ауылдағы нарықта тұрақтылық сақталады. Бұл бағыттағы жұмыстар ауылдан басап, қаладағы әрбір отбасының дастарханына дейін әсер ететін процесс.

Бүгінде Жетісу облысы аумағында 129 сібір жарасы көміндісі бар екені белгілі. Бұрын мұндай нысандар бақылаусыз қалып, қауіп төндірген болатын. Қазір бәрі қоршалып, арнайы ескертпе белгілері қойылған. «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрлық картасына» енгізілді. Бұл – болашақ үшін жасалған сақтық шаралары. Себебі өткен ғасырдан қалған мұндай ошақтар дұрыс қадағаланбаса, бүкіл мал шаруашылығын күйретіп жіберуі мүмкін.

Сонымен бірге, адам мен жануарға ортақ аурулардың алдын алу бағытында да жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Туберкулез, бруцеллез сияқты дерттердің таралуын шектеу – тек мал шаруашылығының емес, адам денсаулығының да кепілі. Бұл – «бір денсаулық» қағидасының айқын көрінісі. Әлемдік тәжірибеде осы тұжырымдама кеңінен қолданылып келеді: жануар, адам және табиғаттың саулығы бір-бірімен тығыз байланысты. Біз де осы бағытта жұмыс істеудеміз.

Әдетте Ветеринардың жұмысы көп жағдайда көзге көрінбейді, бірақ оларсыз ауыл шаруашылығы да, азық-түлік қауіпсіздігі де болмайды. Әр ауылға дер кезінде жету үшін техника, көлік, заманауи құрал-жабдық қажет. Облыста берілген жаңа көліктер мен жылжымалы инсинераторлар – ветеринар мамандардың қолын жеңілдететін нақты көмек. Бұл шаралар жүйелі жалғаса берсе, саладағы еңбек өнімділігі артып, қауіпсіздік те нығая түсері анық.

– Жетісу облысындағы төрт түліктің өсімі туралы да айтып өттіңіз. Бұл саладағы басты қозғаушы күш не?

– Биылғы жылдың өзінде облыста мал саны 4 пайызға өсіп, 2,8 миллионға жетті. Мұның артында – еңбекқор шаруаның маңдай тері және ветеринар мамандардың күні-түні атқарған жұмысы тұр. Бүгінде малды тек бағу жеткіліксіз, оның амандығын, өнімділігін ғылыми тұрғыда қамтамасыз етудің маңызы зор.

Біз заманауи лабораторияларды, жаңа құралдарды қолданып, материалдық-техникалық базаны күшейтіп келеміз. Жылжымалы инсинератордың берілуі де – осы бағыттағы қадам. Ол қауіпті індет болған жағдайда, шығынды тез жойып, аурудың таралуына тосқауыл болады.

– Сала мамандарының әлеуметтік жағдайы жөнінде не айтасыз?

– Ветеринария – көп жағдайда көзге көрінбейтін, бірақ елге қажет жұмыс. Қарапайым халықтың «мал дәрігері» деп жүрген мамандарымыз көбіне алыс ауылда, ауыр жағдайда қызмет атқарады. Сондықтан біз оларға тек марапат қана емес, нақты қолдау көрсетуіміз керек. Бүгінгі жиында бірқатар азаматқа «Еңбек ардагері» медалі, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар табысталды. Бұл – олардың еңбегін бағалау. Бірақ ең үлкен қолдау – жұмысын жеңілдететін жағдай жасау. Сол үшін көлік, құрал-жабдық, техника беріліп жатыр.

– Әлібек Әскербекұлы, сіздің сөзіңізден бір үлкен түйін байқадық. Ветеринария – ауылдың тірегі екеніне көзіміз жете түсті.

– Дұрыс айтасыз. Малдың саулығы – халықтың тұрмысы. Халықтың тұрмысы – елдің тұрақтылығы. Сондықтан ветеринарияға салынған әрбір инвестиция – болашаққа салынған капитал. Біз мұны жақсы түсінеміз. Жетісу облысында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғаса береді. Мақсатымыз – ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсарту, төрт түліктің амандығын сақтау арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚАЗЫҒҰЛ

Ұқсас жаңалықтар

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Әуезов ауданындағы абаттандыру жобаларымен танысты

admin_qazyr

Семейде өңірлік азаматтық форум өтті

admin_qazyr

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Өскеменде оқушыларға гидроэнергетика саласы таныстырылды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz