Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында сауда саласын дамыту мен шикізаттық емес экспортты арттыру – елдің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде белгіленді. Президент отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ экспортты әртараптандыру міндеттерін жүктеді деп хабарлайды Qazyr.kz
Сауда саласындағы өсім
Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде сала тұрақты өсімді көрсетуде. 2025 жылғы қаңтар–шілде аралығында сауда көлемі 8,6%-ға, ал инвестиция көлемі жартыжылдықта 37%-ға өсіп, 438 млрд теңгеге жетті. Бүгінде бұл салада 800 мыңнан астам бизнес субъектісі жұмыс істеп, 1,5 млн азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдау
Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып, кәсіпорындардың мемлекеттік қолдау шараларына қатысу мүмкіндігі кеңейтілді. Сауда орындарында қазақстандық өнімдерге кемінде 50% сөрелік кеңістік беру бағдарламасы іске қосылды. Сонымен қатар, сапасыз әрі қауіпті өнімдердің енуіне тосқауыл қою үшін 47 мыңнан астам көлік тексеріліп, 900-ден астамы кері қайтарылды.
Экспортты әртараптандыру
Президент тапсырмасы бойынша «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Экспорттық-кредиттік агенттік құрылды. 2025 жылдың 7 айында экспорттаушыларға көрсетілген қаржылай қолдау көлемі 394 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 200 млрд теңгеге артты. Оның 71%-ы шағын және орта бизнеске бағытталған.
Қазақстандық тауарларды шетелде ілгерілету үшін Қытайдың бірнеше провинциясында, Өзбекстанда ұлттық павильондар ашылып, Түркия, БАӘ, Үндістан, Иран және басқа елдерде сауда-экономикалық миссиялар өткізілуде. Сонымен бірге қазақстандық өнімдер Alibaba, JD.com сынды ірі онлайн-платформаларға шығарылып жатыр.
Биржалық сауданың жаңа ережелері
2024 жылы қабылданған «Биржалық сауда туралы» заң бәсекелестікті күшейтіп, нарықтың ашықтығын арттырды. «Әлеуметтік маңызы бар биржалық тауар» ұғымы енгізіліп, бағаны алыпсатарлықсыз әділ қалыптастыруға жол ашылды.
Әлеуметтік қолдаудың жаңа тетіктері
Бағаны тікелей реттеу жүйесі біртіндеп алынып, оның орнына атаулы әлеуметтік көмекке негізделген «цифрлық азық-түлік ваучері» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл бастама халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына қолжетімді бағамен тауар сатып алуға мүмкіндік береді.
Жолдау аясындағы міндеттер жүйелі түрде жүзеге асуда. Сауда саласы мен шикізаттық емес экспортты дамытуға бағытталған шаралар Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, отандық өнімдердің халықаралық нарықтағы орнын күшейтуге ықпал етеді.

