Qazyr.kz порталы
РуханиятШоу-бизнес

96 жастағы Бибігүл Төлегенова сахнаға шығып, көрерменге ән арнады

Қазақтың классикалық ән өнерінің символына айналған, «қазақтың бұлбұлы» атанған КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенова 96 жасында сахнаға шығып, тыңдармандарымен қайта қауышты, деп хабарлайды Qazyr.kz.

Өнерсүйер қауым үшін ерекше әсерлі бұл сәт Бибігүл Ахметқызының шәкірті, белгілі әнші Толқын Забированың концертінде болды. Ұстазын сахнаға Толқын Забирова қоларбамен алып шықты. Залдағы көрермендер аңызға айналған әншіні зор құрметпен қарсы алып, ұзақ уақыт қол соқты.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері атанған Бибігүл Төлегенова кеш барысында сахна төрінде ән шырқап, көпшілікті ерекше толқытты. Бұл — қазақ өнерінің алтын дәуірін көрген біртуар тұлғаның елмен кезекті жүрекжарды жүздесуі болды.

Сахнада сөз алған Бибігүл Ахметқызы өзіне көрсетілген ықылас пен құрметке ризашылығын білдіріп, шәкірті Толқын Забироваға ақ тілегін арнады. Сондай-ақ залға жиналған көрерменге жүрекжарды алғысын жеткізді.

«Рақмет, халқым! Бәріңе мың да бір рақмет! Барлықтарыңды сүйемін. Бақытты болыңдар. Бүгін мен үшін ерекше қуанышты күн. Мен сияқты 96 жасқа жеткенше халықтың алдында бақытты болып жүре бер. Толқыным – өте бақытты, ұқыпты, абыройлы адам. Қазір ән де айтпаймын, жасым келді. Бірақ қанша жасқа келсем де “қазақтың әнші бұлбұл қызы” деген сөздің өзі мен үшін үлкен бақыт», – деді өнер майталманы.

Кешке жиналған жұртшылық Бибігүл Төлегенованың сахнаға шығуын қазақ өнері үшін тарихи әрі рухани маңызы зор оқиға ретінде қабылдады. Ғасыр жасаған әншінің ел алдында тағы бір мәрте бой көрсетуі – ұлттық мәдениетке деген құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды.

Бибігүл Төлегенова – қазақ вокал өнерін әлемге танытқан дара тұлға. Оның өнері, өмір жолы мен адами болмысы жас әншілер үшін әрдайым үлгі болып қала бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Күләш Ахметова — Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым

Redaktor Site

Ақылбек Шаяхмет-Ағалар

Redaktor Site

Ауылды аңсағанда

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz