Сый алғанда
Сыйлағанда тағдырым жаңа сынды,
Бұзылады көңілім жарасымды.
Солқылдайды жүрегім одан кейін,
Тырналатын тікенмен жара сынды.
Таң атады ілесе күн батады,
Көкіректе үн-түнсіз мұң жатады.
Жалғасады тағы да пенделіктің,
Таусылмайтын ылаңды сұм шатағы.
Жолықтырып осалын,қайраттысын,
Күжірейді жігерім қайрап тісін.
Түсіне алсаң жанымды жалғандағы,
Жұлмаламай жақыным жайлап түсін.
Алсам-дағы төбеме сарай тігіп,
Күрсінеді іңірде арай үміт.
Ғұмырым да барады ақырындап,
Кідірместен құбылаға қарай жүріп.
Сыйлағанда тағдырым жаңа сынды,
Бұзылады көңілім жарасымды.
Солқылдайды жүрегім одан кейін,
Тырналатын тікенмен жара сынды…
10.06.2018
Біржан Досжан