Қазақстандағы ең ірі қытайлық инвестиция Алматы облысында $1 млрд көлеміндегі индустриялық жоба басталды деп хабарлайды Qazyr.kz
Алматы облысында Қытайдың мемлекеттік құрылыс алпауыты – China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) қатысуымен $1 миллиард көлеміндегі ірі индустриялық жоба жүзеге асырыла бастады. Бұл – Қазақстандағы қытайлық капиталдың қатысуымен іске асатын ең ауқымды жобалардың бірі.
«Қайрат» индустриялық аймағын кеңейту жобасы Талғар ауданында жүзеге асырылып жатыр. Жалпы аумағы 177 гектарды құрайтын аймақта 20-дан астам өндіріс орны ашылады. Бұл бастама президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жедел индустрияландыру мен тікелей шетелдік инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында қолға алынған.
CSCEC компаниясының ресми өкілі Чэнь Сяоюнның айтуынша, құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталды. Жоба аясында өндірістік кәсіпорындар, логистикалық орталықтар, деректер орталығы, қонақүйлер мен әкімшілік ғимараттар салынады. Құрылыс үш жыл ішінде толық аяқталады деп жоспарлануда.
Ең бастысы – инженерлік инфрақұрылымның ішкі бөлігі инвесторлардың жеке қаражаты есебінен салынады. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал сыртқы желілерді тарту жұмыстарын облыс әкімдігі атқарады.
Машина жасау кластері: қытайлық автоконцернмен әріптестік
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – қытайлық автоконцерннің қатысуымен машина жасау кластерін құру. Бұл өндіріс Қазақстанда автокомпоненттер мен тораптарды жергілікті деңгейде шығаруға жол ашады. Нәтижесінде, отандық автомобиль өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беріледі.
Р.S.
Осыдан он шақты жыл бұрын Қытай капиталы Астана ЛРТ жобасына ұрын келген болатын. Бас құда Талғат Ардана сотталғалы жатыр. Біздегі инвестициялық жобалардың алгоритмі: Шарттары мемлекеттік құпия болып саналатын шетелдік капитал. Өзіндік құны бес-алты есе қымбат көрсетілетін инфрақұрылым мен ғимарат құрылысы. Талан-тараж. Қызыл лента қию рәсімі. Өндірілмейтін, нарықта өтпейтін өнім. Ақшаны қайтара алмай қарызға бату. Бартер. Қытаймен мәңгі достық.