Qazyr.kz порталы
АймақҚазірҚоғамэкономика

Өңірлік қаржыландыру жүйесі өзгереді: жаңа бюджет саясатының мазмұны мен мәні

Қазақстанда өңірлердің экономикалық дербестігін арттыруға бағытталған жаңа бюджет саясаты енгізілмек. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, ендігі жерде жергілікті бюджеттер жүйелі даму жоспарларына сүйене отырып жоспарланады. Бұл өзгеріс бұрынғыдай әр жобаға жеке қаржы бөлу тәжірибесінен бас тартып, жүйелі тәсілге көшуді көздейді.

Министрдің сөзінше, «Ауыл – ел бесігі», «Қалалардың шет аймақтарын дамыту» және басқа да мекендерге бағытталған бұрынғы бағдарламалар күшін жояды. Мұндай бағдарламалар аясында кейде нақты қажеттілік ескерілмей, жобалар жүзеге асқанымен, инфрақұрылым жетіспеушілігінен пайдалануға берілмей жатты.

Жаңа тәсіл бойынша әрбір өңірде бірыңғай даму жоспары әзірленеді. Барлық жоба ұсыныстары алдымен осы жоспарға енгізіліп, кейін ғана қаралады. Бұл — жобаларды алдын ала сүзгіден өткізіп, олардың тиімділігін бағалау арқылы қажетсіз шығындардың алдын алуға мүмкіндік туып отыр.

Министрлік  проблемалық аймақтарды анықтап, қаржы бөлінетін салалардың картасын әзірлейді. Осы карта негізінде қаржы бөлу басымдықтарға сай жүзеге асады:

Жоғары басымдық — қамтамасыз етілуі 80%-дан төмен;

Орташа басымдық — 80–90% аралығы;

Төмен басымдық — 90% және одан жоғары.

Бұл тәсіл алдағы үш жылдықта өңірлердің инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді. Орталық – стратегиялық жоспарлаумен, өңірлер – нақты жобаларды іске асырумен айналысатын болады.

Су, кәріз, инженерлік және көлік желілері секілді бағыттар енді жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Ал республикалық бюджет тек елдік маңызы бар немесе стратегиялық маңызды нысандарды қаржыландырады. Сонымен қатар, әр шығын бағыты заңға арнайы қосымша ретінде енгізіліп, нақты мақсаттары көрсетіледі. Бұл қаражаттың мақсатсыз жұмсалуын болдырмауға бағытталған.

Серік Жұманғариннің айтуынша, соңғы жылдары өңірлердің салық жинау көрсеткіші едәуір артқан – орташа өсім 126,4%-ды құраған. Бұл жергілікті бюджеттердің қаржылық тұрақтылығын көрсетіп отыр және оларды орталықтан тәуелсіз жоспарлау мүмкіндігін арттырады.

Жаңа Салық кодексінің жобасы да кірістерге әсер етпек. Бір жағынан салықтық жеңілдіктер енгізілсе (мысалы, жеке табыс салығы бойынша шегерімдердің ұлғаюы), екінші жағынан табысты арттыратын шаралар қарастырылған (мысалы, акциздердің өсуі, прогрессивті салық шкаласы).

Жаңа бюджет саясаты – өңірлердің дербестігін арттыруға, республикалық бюджетке жүктемені азайтуға және қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Бұл реформа іске асқан жағдайда, Қазақстанның өңірлері өз инфрақұрылымдық мәселелерін шешуде әлдеқайда икемді және жауапты бола алады.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

ЕЛОРДА КҮНІ ҚАЗАҚСТАНДА 1000 СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

redaktor_qazyr

Қазақстанда автокөлік пен қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт іске қосылады

admin_qazyr

Президент кеңесшілерін ауыстырды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz