Qazyr.kz порталы
АймақҚазірҚоғам

Астанада тұрғындарды тіркеу тәртібі күшейеді: “резеңке пәтерлерге” заңмен тыйым салынбақшы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың тұрғындарын тіркеуге қатысты жаңа заңға қол қойды. Енді Астана қаласының маслихаты азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеу тәртібін өз бетінше белгілей алады. Бұл туралы Qazyr.kz  Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл өзгеріс елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту, ұлттық жобалар мен кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыруға бағытталған түзетулер аясында енгізілді. Заңға 17 шілдеде қол қойылды.

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, мұндай шара «резеңке пәтерлердің» алдын алу үшін қажет. Кейбір азаматтар белгілі бір ақыға өз үйінде тұрмайтын адамдарды тіркеп, көші-қон заңнамасын бұзуда.

«Мәслихат әр тұрғынға шаққандағы тұрғын үй алаңының көлемін белгілейді. Сонымен қатар, белгіленген нормадан артық адамды тіркеуге тыйым салынады. Дегенмен, бұл шектеу үй иесінің жұбайы мен жақын туыстарын тіркеуге қолданылмайды», – деді Серік Жұманғарин.

Жақын туыстар қатарына ата-анасы, балалары, асырап алушылар мен асырап алынғандар, туған және немере ағайындар мен апа-қарындастар, ата-әжелер мен немерелер жатады.

Министрлік жаңа заңның кері күшке ие болмайтынын атап өтті. Яғни, түзетулер күшіне енгенге дейін тіркелген тұрғындар үшін ешқандай айыппұл салынбайды.

Жалпы, қабылданған заңда сегіз бағыт бойынша өзгерістер бар: қалаларды дамыту, жер және кеден мәселелері, шетел азаматтарын тіркеу, децентрализация, ТКШ жүйесін жаңғырту, мемлекеттік аудитті жетілдіру және бағалау қызметін реформалау. Заңның толық мәтіні жақын арада баспасөзде жарияланады.

Сонымен қатар, пәтер иелеріне өз үйінде тұрмайтын адамдарды заңсыз тіркегені үшін жауапкершілік күшейтіледі. Сондай-ақ, тіркелген адам пәтерде тұрмаса, уақытылы тіркеуден шығару шарасын қолданбаған иелерге де айыппұл қарастырылған. Бұл норма Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілмек.

Ұқсас жаңалықтар

Сақал туралы оқиға

Redaktor Site

Мал шаруашылығын дамытуға жеңілдетілген несие беріледі

admin_qazyr

Қазақстан сұйытылған газды шетке шығаруға тыйымды тағы жарты жылға ұзартты

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz