Жамбыл облысында білім беру саласын дамыту бағытында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама Мемлекет басшысының сапалы әрі қолжетімді білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындаудың нақты көрінісі болып отыр.
2023 жылы өңірде аталған жоба аясында 7 мектептің құрылысы басталып, оның үшеуі 2024 жылы пайдалануға берілді. Байзақ ауданында бір мектеп, Тараз қаласында «Бәйтерек» және «Ұлы дала» мөлтек аудандарында екі жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Соның нәтижесінде Тараздағы №3 мектеп-лицейіндегі үш ауысымды оқыту мәселесі толығымен шешілді. Ал 2025 жылы «Ұлы дала» мөлтек ауданында 2000 орындық жаңа мектеп қолданысқа беріліп, өңірдегі білім беру инфрақұрылымы тағы да кеңейеді.
Жуырда Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында орналасқан №7 орта мектепте Ашық есік күні өтті. 600 орынға арналған жаңа білім ошағы 2024 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілген болатын. Мұнда бүгінде 72 педагог еңбек етуде. Мектеп директоры – Гүлмира Әуесбайқызы Есентаева.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған мектепте 35 оқу кабинеті, 132 орындық мәжіліс залы, 176 орындық асхана, екі спорт залы және лингафон кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ химия, физика және биология пәндеріне арналған зертханалар, компьютер сыныптары, кітапхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар бар. Мұның бәрі оқушылардың жан-жақты білім алуына қолайлы жағдай жасайды.
Ашық есік күніне ата-аналар мен қонақтар қатысып, мектептің мүмкіндіктерімен танысты. Оқушылар шығармашылық жұмыстарын көрсетті, балаларға арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, олардың жаңа ортаға бейімделуіне ықпал жасалды.
Жоба мақсаты – үш ауысымды оқытуды жою, апатты мектептердің мәселесін шешу, балаларға сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау. Қазіргі таңда Жамбыл облысында үш ауысымды оқыту тек Қордай ауданындағы Қарасу ауылындағы №7 мектепте ғана қалып отыр. 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектеп салынып, бұл мәселе де түбегейлі шешілмек.
Осылайша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы Жамбыл облысында білім беру саласын жаңа деңгейге көтеріп, өскелең ұрпақтың заманауи ортада сапалы білім алуына жол ашып отыр.