Qazyr.kz порталы
экономика

Қазақстан теміржол машина жасауында жаңа дәуір: Stadler, TEXOL және Семей зауыттары индустрияны жаңғыртуда

Өңдеу өнеркәсібін күшейту Қазақстан үшін экономикалық тәуелсіздіктің ең сенімді жолы. Үкімет соңғы жылдары осы бағытты басымдыққа айналдырып отыр. Себебі, кез келген мемлекетте индустрияның қуаты нақты зауыттар мен жаңа жұмыс орындарынан, технологияны игеру мен маман даярлаудан көрінеді. Біз үшін де басты міндет – жергілікті үлесті өсіру, сырттан әкелінетін бөлшектерге тәуелділікті азайту. Әсіресе теміржол машина жасауында басталған жаңа толқын осы сыннан өтіп жатыр.

Астанада жолаушылар вагонын шығаратын Stadler Kazakhstan зауытының іске қосылуы – еліміздегі теміржол өнеркәсібінің жаңа кезеңі. Жылына 100 вагон құрастыруға қауқарлы кәсіпорын өнімін түгелдей дерлік «Қазақстан темір жолына» ұзақ мерзімді келісімшартпен өткізеді. Бұл ішкі сұранысты тұрақты қамтамасыз ететін, ұзақ циклді өндірістің басталғанын көрсетеді. Алғашқы жылы 51 вагонды жолға шығармақшы. Зауыттың тағы бір ерекшелігі технологиялық процестерді енгізе отырып, кадр даярлау жүйесін жетілдіруі. Бастапқыда жергілікті құрам үлесі небәрі 9 пайыз болса, бүгінде айтарлықтай артқаны айтылып отыр. Бұл – отандық өндірістің біртіндеп күшейіп келе жатқанын білдіреді.

Атырау облысында TEXOL тобы жылына 6 мың жүк вагонын және цистернаны шығаратын зауытты іске қосыпшық. Бұл кәсіпорын тек ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, экспортқа да бағытталмақ. Мұнай-газ тасымалына арналған цистерналар, контейнер платформалары, жабық вагондар – барлығы халықаралық стандарттарға сай жасалады.

Инвестор теміржол бөлшектерін құятын металлургиялық зауыттың құрылысын бастап та кетті. 2027 жылға қарай бұл зауыт жылына 60 мың тоннаға дейін бөлшек шығаратын қуатқа жетуі тиіс. Осы қадам елімізді импортқа тәуелділіктен арылтып, доңғалақ тораптары мен құйма бөлшектердің отандық өндірісін қалыптастырады. Нәтижесінде бағалық тәуекелдер азаяды, жеткізу уақыты қысқарады.

Екібастұзда да жаңа өндіріс ошақтары пайда болып жатыр. Индустриялық даму қорының қолдауымен теміржолға қажет компоненттерді шығару кешені іске қосылды. Мұнда дөңгелек өңдеу, ось жасау, бандаж өндіру біртіндеп жолға қойылады. Осы тізбек толық іске қосылғанда вагон мен локомотивтің жүріс бөлігі түгелдей Қазақстанда өндірілетін болады. Бұл – инженерлік мектептің дамуына да үлкен серпін бермек.

Ал Семей машина жасау зауытында гондола вагондарын шығаратын жаңа желі қосылды. Семейдің металл өңдеудегі дәстүрі мен көлік-логистика торабына жақындығы бұл өндірістің артықшылығын күшейтіп тұр. Мұнда жасалатын гондола вагондары көмір мен минерал тасымалдауда тиімділікті арттырып, тасымал шығындарын азайтады, транзиттік тарифтердің тұрақталуына ықпал етеді. Семейдің өндірістік әлеуеті елдің шығыс өңірін ғана емес, бүкіл Қазақстанды қамтитын логистикалық тізбектің бір бөлігіне айналды.

Әрине, өндірісті кеңейту тек қуаныш қана емес, жауапкершілік те жүктейді. Болат сапасы, құйма дәлдігі, дәнекерлеу мәдениеті, климаттық сынақтар – бәрі қатаң бақылауда болуы тиіс. Теміржол саласында бір болттың әлсіреуі бүтін бағыттың тоқтауына әкеледі. Сондықтан барлық өндіріс Еуразиялық экономикалық одақ стандарттарына және халықаралық нормаларға сәйкестендірілуі қажет. Бұл еліміздегі инженерлік білім мен өнеркәсіптік мәдениеттің нығаюына ықпал ететін маңызды шарт.

Теміржол экономиканың тамыры. Оның соғысын қадағалау арқылы елдің тынысын байқауға болады. Соңғы жылдары Қазақстан өз қолымен осы «тамыр соғысын» реттейтін қуатты құралдар жасай бастады. Жолаушы да, жүк те, бизнес те уақытында жетуі үшін пойыз тоқтаусыз жүруі керек. Ал пойыздың сенімді жүруі – отандық өндірістің тұрақтылығына байланысты. Қазақстан енді теміржол техникасын өз жерінде жасап, бөлшегін өзінде құйып, сапасын өзі бақылайтын деңгейге көтерілді. Ендігі міндет осы бастаманы уақытша жобадан тұрақты дәулетке айналдыру.

Бердібек НҰРЛАНҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Панфилов ауданында соңғы екі жылда денсаулық сақтау саласында 21 нысан салынып, жөнделді

admin_qazyr

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

admin_qazyr

Экономикадағы өсім және статистикалық дектердің мәні неде?

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz