Қордай ауданында ашылған цемент зауыты бүкіл елдің құрылыс саласына серпін беретін маңызды жоба. Тимур Қозыбаевпен болған сұхбат барысында жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты, инвестиция көлемі және халық үшін берер пайдасы әңгімеге арқау болды. Жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіруге қауқарлы зауыт ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейге экспорттап отыр.
– Тимур мырза, Қордайдағы цемент зауыты жайында көп айтылып жатыр. Жылына қанша тонна цемент шығарады?
– Цемент зауыты ауданның тынысын ашып отырған маңызды кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын жылына 1,5 млн тонна цемент өндіруге қауқары жетеді. Мұндай көлем тек Жамбыл облысы үшін емес, бүкіл еліміз үшін үлкен маңызға ие. Өнімді тек қана нарықта сауламаймыз, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейде де тұрақты тұтынушыларымыз бар
– Қанша қаражат құйылды, қазіргі ахуал қандай?
– Күні бұгінге дейін 50 млрд теңге инвестиция игерілді. Бұл қаржы заманауи жабдық орнатуға, өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға жұмсалды. Инвестиция – ұзақ мерзімді серіктестік пен сенімнің нәтижесі. Қазірдің өзінде 260 жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін тағы 280 жұмыс орнын құруды көздеп отырған жайымыз бар . Жұмыс орындарының басым бөлігі Қордай ауданының тұрғындарына берілуде. Жергілікті халықтың еңбек етуі – зауыттың өміршеңдігін қамтамасыз етеді.
Әрбір адам тұрақты айлық алып, баласын оқытуға, үйін жөндеуге, тұрмысын түзеуге мүмкіндік табады. Екіншіден, цемент өндірісі – құрылыс қарқынын күшейтеді. Бұл үйлердің, жолдардың, әлеуметтік нысандардың сапалы салынуына ықпал етеді.
– Зауыттың жұмысында жандандыру бағытында қандай іс-тәжірибелерге арқа сүйедіңіздер?
– Біз Қытайдың, Еуропаның ірі зауыттарының тәжірибесін зерттедік. Қордайдағы зауытта экологиялық стандарттар сай. Өндіріс қалдықтары сүзгіден өтіп, ауаға тарайтын зиянды заттар барынша азайтып отырмыз. Бүгінгі күні халық экологияға өте сезімтал. Біз мұны жақсы түсінеміз. Сондықтан зауыт табиғатқа зиян келтірмей жұмыс істеуге бағытталған.
Бүгінде зауыттың жанында қызмет көрсететін ондаған бизнес түрі дамып келеді. Көлік тасымалы, қосалқы бөлшектер жеткізу, жұмысшыларға қызмет көрсету, тұрмыстық қажеттіліктер – бәрі жергілікті кәсіпкерлердің қолынан шығады. Мұны кәсіпорынның мультипликативті әсер деп атасақ болады. Яғни, бір зауыт ашылса, соның айналасында қосымша ондаған кәсіпорын өркендейтінін осы жайттан-ақ аңғаруға болады.
– Қазақстан экономикасы үшін цемент өндірісінің орны қандай?
– Қарапайым мысал келтірейін. Қандай да бір көпқабатты үйді, жолды немесе зауыт ғимаратын саларда ең бірінші кеезкте «цементті қайдан аламыз» деген сұрақ туындайды. Егер біз оны сырттан әкелсек, бағасы қымбаттайды, құрылыс баяулайды. Ал өзіміздің зауыт өндірсе, баға тұрақталады, құрылыс қарқыны артады. Қазір елімізде урбанизация процесі қарқынды жүріп жатыр, жаңа қалашықтар салынып, ауылдар жаңғыруда. Соған қажетті цементті өзіміз қамтамасыз ету стратегиялық артықшылық деп есептеймін.
Сұхбаттасқан Нұрлан ШАРХАНҰЛЫ

