Қазіргі заманда ғылым мемлекеттің дамуына, экономиканың жүрісіне, халықтың тұрмысына тікелей ықпал ететін күш. Соның айқын мысалы ретінде Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың Назарбаев университетіне жасаған сапарын айтуға болады. Кездесуде Жаңа энергетикалық технологиялар мен материалдар институтын құру туралы уағдаластық жасалды. Бұл бастама елдің энергетикалық тәуелсіздігін айқындайтын нақты қадам.
Институтқа жүктелер міндет аз емес. Энергетика дегеніміз – бір ғана жарық шамының жанып тұруы емес, ол атом, сутегі, жел, күн, энергияны сақтау, цифрландыру сияқты сан түрлі саланы қамтитын күрделі жүйе. Әрқайсысы жеке зертханалық тақырыпқа ұқсай көрінгенімен, іс жүзінде елдің экономикасын, қауіпсіздігін, халықаралық абыройын айқындайтын стратегиялық бағыттар.
Жаңа институт осы бағыттарды бір арнаға тоғыстырып, Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету жолын ғылыми тұрғыдан сүйемелдеуді мойнына алмақ. Бұл тек «зерттеу жүргіземіз» деген сөз емес, сонымен бірге тәуелсіз сараптама жасайтын органға айналады.
Мәселен, атом электр станциясын салу мәселесі елімізде қызу пікірталас туғызғаны белгілі. Осындай саяси әрі техникалық тұрғыдан күрделі жобаларды жан-жақты саралап, нақты ғылыми қорытынды беру – институттың негізгі міндеттерінің бірі. Сонымен қатар ол халықаралық деңгейдегі ITER, EuroFusion секілді платформалармен байланыс орнатып, Қазақстанды жаһандық ғылыми кеңістікке тереңірек кіріктіретін ұлттық үйлестіруші қызметін атқарады.
Назарбаев университетінің инфрақұрылымы бұл үшін қолайлы негіз болмақ. Мұнда энергияны сақтау мен түрлендіру, сутегі технологиялары, энергетикалық жүйелерді модельдеу бағытында озық зертханалар бар. Пилоттық жобаларды бастауға мүмкіндік мол, ал бұл – институт жұмысының нәтижелілігін арттыратын фактор.
Қаржыландыру жүйесі де әртараптандырылып, мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, салалық компаниялар мен халықаралық гранттар тартылмақ. Демек, жаңа институт бір ғана бюджетке телмірмей, қаржылық тұрақтылығын сақтап, әлемдік консорциумдарға дер кезінде қосылуға жағдай жасайды. Ең бастысы, академиялық орта мен инженерлік мектеп бір кампуста түйісіп отырғаны – идеядан прототипке, зертханадан өндірістік регламентке дейінгі жолды қысқартып, уақыт үнемдеуге жол ашады.
Энергетикалық қауіпсіздікті тек мегаватттардың балансы ретінде түсіну – тар көзқарас. Бұл жабдықтың қанша уақытқа шыдайтыны, сақтау жүйелерінің сенімділігі, электр желісінің орнықтылығы, деректердің тұтастығы мен басқарудың жылдамдығы сияқты көптеген факторды қамтиды.
Сутегі энергетикасы немесе дәстүрлі генерация болсын – бәрінің артында деректерді жинау, талдау, алдын ала жөндеу жүргізу, активтердің «денсаулығын» бағалау секілді міндеттер жатыр. Осындай кешенді мәселелерді ғылыми әдіснамаға сүйеніп, ұлттық стандарттар мен регламенттерге айналдыру – ЖЭТИ-дің басты функциясы болмақ. Мұндай интерфейс кәсіпорындарға нақты пайда әкелсе, қарапайым тұтынушыға сенімділік сыйлайды.
Болашақтағы энергетика тек үйдегі шамды жағу ғана емес, энергияны жоспарлау, сақтау, жүйелерді алдын ала жөндеуден өткізу, цифрлық жүйе арқылы инфрақұрылымды басқару. Мұның бәрі ғылыми мәдениетсіз, сапаны өлшейтін стандартсыз, ашық дерексіз жүзеге аспайды. Сондықтан бүгінгі жасалған келісім ертеңгі ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

