Алматы қаласында экологиялық ахуалды жақсарту және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған кешенді шаралар іске асырылып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, алғаш рет алматылық агломерация аумағында зиянды заттардың шекті мөлшері зерттеліп, көлік, жеке тұрғын үйлер мен моншалардың да әсері есепке алынды. Зерттеу қорытындысында жалпы шығарындылар көлемі 225 мың тоннадан асқаны анықталды, оның 189 мың тоннасы Алматыға тиесілі. Негізгі үлесті – шамамен 60 пайызын – көлік құрайды.
«Қалада күн сайын 1,1 миллионнан астам автокөлік қатынайды. 2030 жылға қарай Алматы халқы 2,5 миллионға жетіп, әр мың тұрғынға 311 көліктен келмек. Бұл қоғамдық көлікті жедел дамыту қажеттігін көрсетеді», – деді Сматлаев.
2025 жылдан бастап заңнамаға өзгерістер енгізіліп, көліктердің артық шығарындылары үшін жаңа айыппұлдар қолданыла бастайды. Енді ескерту алынып тасталды: бірінші рет тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 10 АЕК, заңды тұлғаларға – 100 АЕК айыппұл салынады. Қайталанса, айып көлемі екі есеге өседі.
Сонымен қатар, қалада атмосфералық ауаны қорғау ережелерінің жобасы дайындалды. Ол жыл соңына дейін мәслихат қарауына шығарылмақ. Құжаттың негізгі мақсаты – экологиялық қауіпсіздікті күшейту, тұрғындардың таза ортада өмір сүру құқығын қорғау және ауаның ластану деңгейін төмендету.

