Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте экономиканың басым бағыттары бойынша жобалар пулын қалыптастыру мәселесі талқыланды. Бұл жұмыс жаңа мемлекеттік бастама – «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда деп хабарлайды Qazyr.kz
Бағдарламаның мақсаты – халық сұранысы жоғары әрі импорт үлесі басым тауарларды өндіруге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдау. Негізінен, бұл ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп салаларына қатысты өнімдер.
Мемлекет әлеуеті зор экспорттық және импортты алмастыру бағыттарын анықтап, өңірлер нақты жобалар мен оларды жүзеге асыра алатын бизнес субъектілерін ұсынбақ. Жобалардың тиімділігі мен қаржыландыруы «Бәйтерек» холдингі арқылы жүзеге асады.
Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 4,3 трлн теңгені құрайтын 202 жоба анықталды. Олардың қатарында сүт-тауар фермаларын салу, ет және құс шаруашылығын дамыту, сүт, ет, жүн және тері өңдеу, жылыжай салу, көкөніс пен жеміс-жидек өңдеу, сондай-ақ қант және астықты терең өңдеу өндірістерін кеңейту бар.
Импортқа тәуелділікті азайту мақсатында 5 қант өндіру, 24 құс еті, 3 шұжық өнімдері жобасы жоспарланған. Ал Астанада түрік компаниясы $320 млн инвестиция көлеміндегі астық пен бұршақ дақылдарын терең өңдейтін агроөнеркәсіп кешенін 2028 жылға дейін іске қоспақ.
Өңдеуші өнеркәсіп бойынша 600 млрд теңгеден астам сомадағы 67 жоба әзірленіп отыр. Олар арқылы шамамен 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, Түркістан облысында мақта-мата өндірісі, Қызылорда облысында сантехника, Қарағанды облысында жылу оқшаулағыш материалдар, ал Солтүстік Қазақстан облысында ағаш плиталарын шығару жобалары жүзеге аспақ.
Жеңіл өнеркәсіпті ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Барлық жобалар экономикалық тиімділігі тұрғысынан «Бәйтерек» холдингі арқылы сараптамадан өтеді.
Серік Жұманғарин жиын соңында мемлекеттік органдарға бағдарламаны іске қосуға қажетті барлық ұйымдастырушылық-құқықтық шараларды жедел аяқтауды тапсырды.
«Бағдарламаның мәні айқын – нақты жобаларға қолдау көрсету. Ресурстар шектеулі болғандықтан, қаржы тек нақты нәтиже көрсетіп отырған өңірлерге бөлінеді», — деді вице-премьер.

