Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Сұлусай шағынауданының даму барысымен және инженерлік желілердің құрылысы жүріп жатқан нысандармен танысты деп хабарлайды Qazyr.kz.
Мұнда су ұңғымаларын бұрғылау арқылы су құбыры мен кәріз жүйесінің тарату желілерінің құрылысы аяқталу кезеңіне жетті. Аумағы 2014 жылы Алматы қаласының құрамына енген Сұлусай шағынауданы ұзақ уақыт бойы орталықтандырылған инженерлік желілерсіз қалып келген. Жоба тұрғындарды тұрақты ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әкім жұмыс сапасын қатаң бақылауды және жобаны белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері қаралды. Әкім № 197 мектепке барып, оқу үдерісімен танысты. Қазіргі таңда мектепте сабақ екі ауысымда өтеді. Білім беру ұйымы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, сондай-ақ қауіпсіздік пен қозғалысы шектеулі балаларға қолжетімділік талаптары сақталған.
Сонымен қатар әлеуметтік нысандар ретінде пайдалану жоспарланып отырған әкімшілік ғимарат та қаралды. Алдағы уақытта мұнда спорт залы, мәжіліс залы және фельдшерлік-амбулаториялық пункт орналастыру көзделіп отыр. Тиісті басқармаларға ғимаратты кезең-кезеңімен жөндеу және қаржыландыру мәселесін пысықтау тапсырылды

