Qazyr.kz порталы
АймақҚазірэкономика

Жетісулық делегация Бельгия, Қытай, Пәкістан инвесторларымен келісімдер жасасты

Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR-2025) аясында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың жетекшілігімен өңір делегациясы шетелдік компаниялармен бірқатар кездесулер өткізді деп хабарлайды Qazyr.kz

Келіссөздердің нәтижесінде жалпы сомасы 34 млрд. теңгеден асатын, 800-ге жуық жұмыс орнын құратын екіжақты ынтымақтастық туралы төрт меморандумға қол қойылды.

Атап айтқанда, бұлар — Бельгия, ҚХР, Пәкістан инвесторларымен бірлескен «Envision KKS» ЖШС-ның «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында жел генераторларын (WTG) және энергия сақтау жүйелерін (BESS) өндіретін зауытының құрылысы, «Каусар-Карго» ЖШС-ның Панфилов ауданында халықаралық автовокзал салу жобасы, «STS Jetisu» ЖШС-ның «Талдықорған» индустриялық аймағында SPC үлгісіндегі еден жабынын шығаратын зауытының құрылысы, «Saron Kazakhstan» ЖШС-ның «Нұр жолы – Қорғас» өткізу пунктінде айналма жол мен көлік-логистикалық орталықтың құрылысы жөніндегі жобалар.

— Біздің компанияның жобасы Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан Қорғас аумағында іске асырылады. Біз Қытайдан Қазақстанға, Әзербайжан мен Өзбекстанға жел генераторларын тасымалдаумен айналысамыз. Көлік өткізу бекетіндегі кептелістерді азайту және жалпы автомобиль өткізу пунктінің жұмысын жеңілдету мақсатында жергілікті атқарушы органдарға айналма жол мен «Нұр жолы – Қорғас» өткізу пунктінде көлік-логистикалық орталық салу жөнінде ұсыныс жасадық. Бұл айналма жол учаскенің өткізу қабілетін 2-3 есеге арттырып, қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, — деді бельгиялық «Saron Kazakhstan» ЖШС компаниясының президенті Людо Саренс.

Өз жобалары туралы пәкістандық «STS Jetisu» ЖШС компаниясының директоры Афтаб Танвир де қысқаша айтып берді.

— ТМД аумағында жұмыс істеп келе жатқанымызға 20 жылдай уақыт болды. Соның ішінде Қазақстандағы алғашқы жобамызды Жетісу облысының аумағында бастағалы отырмыз. Яғни қабырға мен еденге арналған SPC панельдерін шығару жобасын қолға алдық. Бізге көрсетілген қолдаулар үшін ризашылығымызды білдіреміз, — деді ол.

Ал қытайлық инвесторлар облыс аумағында екі жобаны іске асырмақшы. Мәселен, «КаусарКарго» ЖШС өкілі Лун Шуньциннің айтуынша, компания Панфилов ауданында көлік-логистикалық хаб жобасын жүзеге асыра бастайды. Яғни халықаралық автовокзал, уақытша сақтау қоймасы, газ-турбиналық станция, сауда-ойын-сауық орталығы сияқты бірқатар нысандарын салады. Сол сияқты «Envision KKS» ЖШС «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында жел генераторларын өндіретін зауыт жобасын қолға алуда. Жаңа зауыт ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және жаңартылатын энергия көздеріне арналған жабдықтарды импорттау тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобалау мен өндіруден бастап жаңартылатын электр станциялары мен энергия сақтау жүйелерін пайдалануға дейінгі кешенді техникалық қолдауды қамтамасыз етеді.

 

Ұқсас жаңалықтар

Ақылы жолдар гуманитарлық жүктерге тегін болмақ

redaktor_qazyr

Шымкент қаласының көшелеріне 13 ауыз су бұрқағы орнатылды

redaktor_qazyr

Ертең Арыс қаласында жаңа оқу жылына орай, оқушыларға арнап жәрмеңке өтіледі

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz