Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысын өткізіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты Turkistan газетіне берген бағдарламалық сұхбатының қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді деп хабарлайды Qazyr.kz.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және ұлттық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
«Президент біздің алдымызға қазіргі экономикалық даму нәтижелерін сақтап қана қоймай, сонымен қатар ұзақмерзімді нәтижеге баса мән бере отырып, даму қарқынын арттыру міндетін қойды. Бұл – барлық саланы, оның ішінде энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, инвестицияларды тарту, агроөнеркәсіп кешені мен туризмді дамытуға қатысты маңызды бағыттарды қамтиды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Фискалды саясатты қайта құру бақылауды күшейтуге емес, мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестікке басымдық бере отырып жүргізілуі тиіс.
Фискалдық саясаттағы басты мақсат – қалыптасқан теңсіздіктерді теңестіру. Осы орайда энергетика және коммуналдық сектордағы жұмыс тәсілдерін уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру, әділетті тарифтерді енгізу және нақты мұқтаж азаматтарға ғана тікелей қолдау көрсету қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны нақты іске асыру тапсырылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді атап өтіп, мал шаруашылығы саласындағы жұмысты жандандыруды жүктегені айтылды. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір апта ішінде ет өндірісі мен экспорт көлемін арттыруға бағытталған нақты шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар мал шаруашылығын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар енгізу және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, ауыл шаруашылығын қолдау құралдарының аясын кеңейту міндеті қойылды.
Туризм саласына қатысты Премьер-министр өңірлік бағдарламаларды ескере отырып, барлық жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын үйлестірудің маңызын атап өтті. Туризм және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге бір ай мерзімде нақты іс-шаралар жоспарын ұсынуы және 2029 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасына тиісті түзетулер енгізуі қажет. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, саладағы кадр тапшылығын шешуге бағытталған қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.
Өнеркәсіп министрлігіне квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп, бекітілген жоспарларды, оның ішінде шетелдік серіктестермен жасалған келісімдерді жедел іске асыру міндеті жүктелді. Ал Энергетика министрлігіне салалық агенттікпен бірге атом энергетикасы саласындағы жобалардың жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Қазіргі таңда елімізде көлік-логистикалық тораптарды дамыту, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осыған байланысты Көлік министрлігіне, әкімдіктерге және жауапты компанияларға бекітілген іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Әлеуметтік сала басым бағыт болып қала береді. Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатынын атап өтті.
Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарау бойынша нақты ұсыныстар енгізу жүктелді.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар әзірлеуі тиіс.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігіне цифрлық технологияларды енгізу арқылы жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу жұмыстарын күшейту тапсырылды. Оқу-ағарту министрлігі жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізу жұмыстарын жалғастырады.

