Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшысы, аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының туыстарына Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Qazyr.kz.
Айта кетейік, 2025 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл шешім қоғамда кең қолдау тауып, тарихи әділдіктің орнауы ретінде бағаланды.
Салтанатты іс-шара Алматы қаласында өтті. Онда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент атынан Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі жазушы әрі қоғам қайраткері Зейнеп Ахметоваға және немересі Ержан Момышұлына айрықша мемлекеттік марапаттарды табыстады. Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені батырдың ел алдындағы теңдессіз ерлігі мен сіңірген еңбегінің символы ретінде ұсынылды.
Ерлан Қарин өз сөзінде Бауыржан Момышұлының қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл ел тарихы үшін ерекше тұлға екенін атап өтті. Оның айтуынша, халық Бауыржан Момышұлын әрдайым батыр, қаһарман ретінде танып, құрметтеп келеді. Мемлекет басшысының бұл шешімі халықтың батырға деген шексіз ілтипатын одан әрі арттыра түскен.
«Бұл – көптен күткен тарихи әділдіктің қалпына келтірілуі. Бауыржан Момышұлының ерлігі мен қайсар мінезі, елге деген адалдығы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін мәңгілік үлгі болып қала береді», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сонымен қатар Ерлан Қарин Бауыржан Момышұлының қайсар рухы, өр мінезі мен отаншылдық қасиеттері жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның өмір жолы мен ерлікке толы тағдыры жастарды елін сүюге, жауапкершілік пен батылдыққа баулитын өнеге екені айтылды.

