Qazyr.kz порталы
Аймақ

Талдықорғанда өрт кезінде тұрғындар дер кезінде эвакуацияланды

Талдықорған қаласында болған өрт кезінде тұрғындар дер кезінде құтқарылып, қайғылы жағдайдың алдын алынды, деп хабарлайды Qazyr.kz.

Оқиға Талдықорған қаласының Қаратал шағынауданында орналасқан бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде тіркелді. Көпқабатты үйдің бір пәтерінде өрт шығып, қою түтін бүкіл подъезге тарай бастаған. Төтенше жағдай туралы хабар түсе салысымен, жедел қызмет өкілдері оқиға орнына жедел жетті.

Алғашқылардың бірі болып патрульдік полиция ротасының үш экипажы келді. Екі экипаж аумақты қоршауға алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар аула мен подъездегі тәртіпті бақылауға алып, төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерімен бірлесіп, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырды.

Эвакуация кезінде патрульдік полиция ротасының қызметкері Нұрбек Төлебеков бесінші қабаттан қою түтін шығып жатқанын байқап, ол жерде адамдар қалуы мүмкін екенін аңғарған. Ол әріптесі — патрульдік полиция ротасының қызметкері Нұрғиса Акматовпен бірге қауіпке қарамастан бесінші қабатқа көтерілді. Қою түтінге толы пәтерде ер адам мен бірнеше баланың болғаны анықталды.

Полиция қызметкерлері жағдайды жылдам бағалап, түтіннің ары қарай таралмауы үшін пәтердің есігін жауып, отбасын қауіпсіз жерге шығарды. Балаларды полицейлер қолдарына көтеріп, төменге түсіріп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Құтқару жұмыстары барынша шапшаң әрі нақты ұйымдастырылды.

Осы уақытта Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері өрт ошағын оқшаулап, қысқа мерзімде толықтай сөндірді. Полиция мен құтқару қызметтерінің батылдығы, кәсібилігі және үйлесімді іс-қимылының арқасында адам шығынына жол берілген жоқ.

Ресми мәліметке сәйкес, өрт салдарынан зардап шеккендер тіркелмеді. Эвакуацияланған барлық тұрғындар сақтық шарасы ретінде медициналық тексеруден өту үшін Талдықорған қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді.

Ұқсас жаңалықтар

Үлкен Алматы өзені жағалауы қайта жаңғыртылады

admin_qazyr

Дархан Сатыбалды Саялы шағын ауданындағы амбулатория құрылысымен танысты

admin_qazyr

Аманғали Бердалин Жетісу облысының шаруаларымен кездесті

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz