Qazyr.kz порталы
АймақЖаңалықтарҚазір

Алматының өрт қауіпсіздігі күшейді: №15 бөлім 90 күнде бой көтерді

Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалды мен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің қатысуымен азаматтық қорғау жүйесінің екі нысаны – «Shymbulak» маңындағы әмбебап құтқару бөлімшесі және қаланың іскерлік бөлігіндегі №15 өрт сөндіру бөлімшесі ашылды хабарлайды Qazyr.kz.
Биік таулы аймақта орналасқан жаңа құтқару бөлімшесі күрделі табиғи жағдайға бейімделген және туристік аумақта төтенше жағдай кезінде әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Нысанның іске қосылуы Мемлекет басшысының туризмді дамыту барысында қауіпсіздікке басымдық беру жөніндегі тапсырмасына сай жүзеге асып отыр.

Қаланың өрт қауіпсіздігі жүйесіндегі жаңа тірек пунктіне айналған бұл нысан мегаполистегі төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Жаңа бөлімшенің қысқа мерзімде салынуы жыл басынан бері ел аумағында тіркелген өрт оқиғалары аясында ерекше маңызға ие болып отыр. 2026 жылдың алғашқы айларында Қазақстанның бірқатар өңірінде тұрғын үйлерде, шаруашылық нысандарында және әлеуметтік мекемелерде өрт оқиғалары жиілеп, адам шығыны мен материалдық залал тіркелгені белгілі. Әсіресе халық тығыз орналасқан қалаларда өртке жедел әрекет ету мәселесі күн тәртібіне шықты.

Осыған байланысты Алматыда жылдам тұрғызылатын модульдік конструкциялар технологиясы қолданылып, №15 өрт сөндіру бөлімі рекордтық мерзімде пайдалануға берілді. Мұндай тәсіл қаладағы өртке қарсы инфрақұрылымды қысқа уақытта күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

№15 өрт сөндіру бөлімінің жауапкершілік аймағында 30 мыңнан астам тұрғын мен 126 шаруашылық субъектісі орналасқан. Бөлімше Алматы қаласының орталық бөлігін, сондай-ақ іргелес шағын аудандар мен көпқабатты тұрғын үй кешендерін өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл аумақта көлік қозғалысының тығыздығы мен халық санының көптігі өртке жедел жетудің маңызын арттыра түседі.

Жаңа нысан толыққанды автономды кешен ретінде жобаланған. Мұнда кезекші ауысымға арналған әкімшілік-тұрмыстық блок, жеке құрамның кәсіби дайындығын арттыруға бағытталған Batyr team спорт залы, воркаут аймағы және демалыс бөлмелері бар. Сонымен қатар бөлімше жеке жылу пунктімен, барлық инженерлік желілермен, қауіпсіздік және бейнебақылау жүйелерімен қамтылған.

Бөлім заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасымен жабдықталып, төтенше жағдай кезінде жедел әрі тиімді әрекет етуге толық мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, мұндай нысандардың көбеюі өртке байланысты қауіп-қатерді азайтып қана қоймай, адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.

Жалпы, жыл басынан бері тіркелген өрт оқиғалары өрт қауіпсіздігін күшейту қажеттігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда Алматыда қысқа мерзімде салынған №15 өрт сөндіру бөлімі елдегі төтенше жағдайлар жүйесін жаңғырту бағытындағы нақты әрі тиімді шешімдердің бірі.

Ұқсас жаңалықтар

Ұлттық қордан 988 млн. АҚШ доллары алынды

admin_qazyr

Қостанай облысында егін жинау қарқынды жүріп жатыр

admin_qazyr

«Еңбек – елдің тұғыры»: Журналистерге арналған байқауға өтінім қабылдау басталды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz