Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдап, компанияның өткен жылғы нәтижелері мен алдағы жоспарын тыңдады, деп жазады Qazyr.kz.
Кездесу барысында холдингтің өндірістік көрсеткіштері жария етілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша уран өндірісі 25,8 мың тоннаны құраған. Соның ішінде компанияның өз үлесіне 13,5 мың тонна тиесілі.
Сауда көлемі де өсім көрсетіп, 11 пайызға артты. Нәтижесінде 18,5 мың тонна уран сатылған. Бұл – компанияның халықаралық нарықтағы позициясының нығайғанын білдіреді.
Мейіржан Юсупов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында минерал-шикізат базасын кеңейту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Жалпы аумағы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты жаңа уран учаскесі анықталып, барлау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
2030 жылға дейін геологиялық барлау бағытында 75–85 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Бұл алдағы өндірістік әлеуетті арттыруға негіз болады.
Компания әлеуметтік жауапкершілік бағытында да белсенді жұмыс атқаруда. 2025 жылы уран өндіруші өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 6 млрд теңгесі келісімшарттық міндеттемелер аясында бағытталған.
Холдинг халықаралық ынтымақтастықты да кеңейтіп отыр. Былтыр Швейцарияның Axpo Power AG, Чехияның ČEZ Group және Жапонияның Kansai Electric Power Co., Inc. компанияларымен уран жеткізу туралы келісімдер жасалған. Қазір Үндістанға табиғи уран концентратын жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшартты рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ғылыми-технологиялық даму да назардан тыс қалған жоқ. 2034 жылға дейінгі стратегия өндіріс тиімділігін арттыруға, экологиялық әсерді азайтуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған.
Компанияның жария нарықтағы көрсеткіштері де оң динамика көрсетті. 2018 жылы IPO-ға шыққаннан бері «Қазатомөнеркәсіптің» капитализациясы 7 еседен астам өскен.
Президент кездесу қорытындысында ресурстық базаны дамыту, халықаралық әріптестікті күшейту және әлеуметтік жобаларды жалғастыру бағытында нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі көрсеткіштер Қазақстанның атом саласы жаһандық деңгейде тұрақты ойыншыға айналып келе жатқанын аңғартады.

