Алматыда коммуналдық қызметтер нөсер жаңбырдың салдарын жедел жойды, деп жазады Qazyr.kz.
4 шілде күні қалада қатты жаңбыр жауды. Тәулік ішінде 10 мм жауын-шашын түсті. Ең қарқынды жаңбыр сағат 15:00 мен 16:00 аралығында болды. Осы бір сағатта 7 мм жауын-шашын тіркелді.
Найзағайлы жаңбыр сағат 14:00-ден 17:00-ге дейін жалғасты. Бұл туралы Алматы қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.
Жергілікті су басу жағдайларына жедел әрекет ету үшін коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Қала бойынша арнайы кезекшілік ұйымдастырылды.
Жұмысқа 104 арнайы техника тартылды. Сондай-ақ 74 мотопомпа мен 12 ассенизаторлық көлік жұмылдырылды. 425 жол жұмысшысынан құралған 75 жедел бригада жұмыс істеді.

Бұған қоса, 2,3 мың құм салынған қап дайындалды. Қалалық Құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері де кезекшілік атқарды.
Күні бойы Алматы аумағында 26 жергілікті су басу учаскесі тіркелді. Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша коммуналдық қызметтер 24 учаскедегі мәселені толық жойды. Қалған екі учаскеде жұмыс жалғасып жатыр.
Қала көшелері мен жолдарын күтіп-ұстауға да қосымша күш тартылды. Тәулік бойғы жұмысқа 3 080 жол жұмысшысы және 1 225 арнайы техника жұмылдырылды.
Синоптиктердің болжамынша, 5 және 6 шілде күндері Алматыда жауын-шашын болмайды. Ауа райы құбылмалы бұлтты болады деп күтіледі.
Коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Ауа райы өзгерген жағдайда жедел әрекет етуге дайын.

