Биылғы 10 айда әлеуметтік жәрдемақыға бөлінген 1,3 млрд теңге заңсыз иемденілген. Қаржылық мониторинг агенттігі осыған қатысты 7 қылмыстық деректі анықтады. Бұл 2024–2025 жылдары тіркелген осындай заңсыз әрекеттерден келген шығыннан 100 млн теңгеге көп, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Ақтаудағы 146 миллион теңгенің алаяқтығы

Мәселен, Ақтауда есепші жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдеген. Ол Instagram желісінде жәрдемақы көлемін арттырып беретінін айтып, адамдарды тартқан. Кейін таныстарының атына жеке кәсіпкерлік тіркеп, олардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланған. Жалған еңбек шарттары мен есеп құжаттарын дайындап, сол арқылы мемлекеттен жоғары мөлшерде төлем алуға мүмкіндік жасаған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған іс бойынша мемлекетке келген залал көлемі 146 млн теңгені құрады. Сот айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айырды.

«Қылмыстық жолмен алынған кірістерге 3 бөлмелі пәтер сатып алған, тергеу барысында оған тыйым салынды. Сот шешімімен бүгінгі таңда ол мемлекет кірісіне өтті», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Тексеріс күшейіп, адал аналар әуре-сарсаңға түсті

Мұндай заңсыз әрекеттердің салдары адал кәсіппен айналысатын азаматтарға да оңай тимей отыр. Заңгер Әйгерім Ақниеттің айтуынша, әлеуметтік төлем алуға қатысты тексерістер барынша күшейген. Соның салдарынан шағын кәсібі бар әйелдер әрбір кіріс пен шығынын құжатпен дәлелдеуге мәжбүр. Заңгер жуырда осындай қиындыққа тап болған азаматшаның құқығын сотта қорғап шыққан.

Бюджетке салмақ және әлеуметтік әділеттілік

Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, әлеуметтік көмекке бөлінген қаржының талан-таражға түсуі бюджет шығынын көбейтіп қана қоймай, қоғамдағы әділеттілікке және билікке деген сенімге де сызат түсіреді.

«Бірінші кезекте әлеуметтік төлемдерге бөлінген қаражаттың дұрыс бағытқа жұмсалмауы бюджет шығындарының көбеюіне алып келеді. Өйткені қаражаттың негізгі мақсаты тиімділік болуы керек, яғни төлем нақты мұқтаж азаматтарға жетіп, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруі тиіс», – деп түйіндеді сарапшы.