Шымкент университетінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында студент жастардың прокуратура, әкімдік және Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерімен кездесу іс-шарасы өтті. Жиында заңдылықты сақтау, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.

Ой тазалығы мен қоғамдық тәртіп

Құқық қорғау органы мен әкімдік өкілдерімен кездесуге болашақ педагогтер мен заңгерлер қатысты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында заң мен тәртіп мәселесінің көтерілуі де ерекше мәнге ие. Өйткені қалада, мекеме аумағында және өз ауласында тазалық сақтау жұмыстары адамның ой тазалығын, айналасына жанашырлықпен қарауын, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге деген ниетін де білдіреді.

Прокурорлардың айтуынша, жүйелі жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайған.

Мүлдем төзбеушілік қағидаты

«Жастарға құқық бұзушылық фактілеріне тап болса, полицияға немесе прокуратураға хабарласу қажеттігін үнемі түсіндіремін. Қазір буллинг, дропперлік, алаяқтық мәселелері жиі айтылады. Жасөспірімдер де осындай заңсыз әрекеттерге тап болып жатады. Сондықтан мұндай фактілерді жасырып қалмай, хабарлау арқылы азаматтық ұстаным таныту қажет. Қылмыстық әрекеттердің таралуына жол бермеу үшін құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру маңызды», – деді Еңбекші ауданы прокуратурасының прокуроры Нұрислам Сламбекұлы.

Кездесуде көтерілген мәселелер студенттердің зор қызығушылығын тудырды. Жиын еркін пікір алмасу форматында жалғасып, жастар өзекті мәселелерге қатысты өз көзқарастары мен ұсыныстарын ортаға салды.