Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов өзінің материалында «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековтің Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тарапынан ұсталуына байланысты бұрын жүргізілген тексерістердің нәтижесін қатаң сынға алды. Автор мемлекеттік органдар ұлттық компаниядағы сатып алуларға қатысты дабылдарды бірнеше ай бұрын естігеніне қарамастан, дер кезінде шара қолданбады деген пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.
Сәуірдегі Мәжіліс мінбері және «бәрі таза» деген жауап
Мұрат Әбеновтің жазуынша, бүгінде мемлекеттік органдар «Қазатомөнеркәсіптегі» мемлекеттік сатып алулар төңірегіндегі түйткілдерді енді ғана байқағандай кейіп танытып отыр, алайда барлық күдікті дерек бұрыннан сатып алу порталында тайға таңба басқандай ашық жатқан. Автор биыл сәуір айында депутат Бақытжан Базарбектің Мәжіліс мінберінен дәлелді скриншоттарды көрсетіп, «Тұмар» және «Ақназар» компанияларын атағанын, тіпті байланыс телефон нөмірлері бірдей екенін әшкерелеп, ондаған миллиард теңгелік күмәнді мәмілелер бойынша тікелей сұрақ қойғанын еске салады.
«Бақытжан Базарбекке ресми түрде «тексереміз» деген жауап беріліп, артынша «бәрі таза» деген қорытындымен тақырып жабылған, тіпті кулуарда депутаттың өзіне ескерту айтылған. Сол уақытта Үкімет те, құқық қорғау органдары да естіген деректер бойынша дер кезінде шара қолданғанда, бюджет қаражаты кем дегенде соңғы жарты жыл бойы талан-таражға түспес еді», – деп есептейді автор.
Кінәсіздік презумпциясы және тексерушілерге қойылған сұрақтар
Мұрат Әбенов ҰҚК Омарбековті ұстағанымен, тергеу әлі аяқталмағанын және түпкілікті шешімді тек сот шығаратынын ескертеді. Десе де ол «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын» алға тартып, кезінде «ешқандай бұзушылық жоқ» деп ақтап есеп берген жауапты шенеуніктер мен тексерушілердің әрекетіне міндетті түрде құқықтық баға берілуі керектігін айтады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңда бұқаралық ақпарат құралдарында дабыл көтерілсе — тексер, қажет болса басшыны уақытша қызметінен шеттет деген талап бар. Енді қылмысты жасыру жөнінде күдік туындайды. Осы сұрақты сол кезде тексеру жүргізгендерге қою керек: «Қазатомөнеркәсіптің» мемлекеттік сатып алуларында бұзушылық анықталмады деп айтуға кім жауапкершілік алды? Парламент депутатын кім алдады? Заң шығарушы органды кім жаңылыстырды? Енді түк байқамағандай кейіп таныта алмайсыздар», – деп жазды Мұрат Әбенов.
Қорытындысында саясаткер бұрынғы «аңғалдық пен салғырттық» үшін бүгінде жауапты лауазымды тұлғаларға халық пен Мемлекет басшысының алдында жауап беруге тура келетінін мәлімдеді.