Ерғанат Әбени өзінің материалында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының заңнамалық негізі мен басқару үлгісіне талдау жасап, қор неліктен нақты нарықтық табысқа емес, көбіне қағаз жүзіндегі есеп пен әлеуметтік міндеттемелерге байланып отырғанын түсіндірді. Автор квазимемлекеттік секторда түбегейлі реформа жүргізу үшін заңда нақты қаржылық көрсеткіштерді бекітіп, коммерциялық қызметті мемлекеттік әлеуметтік жүктемеден ажырату қажет деген ойын ортаға салды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңдағы «ұзақмерзімді құн» мен нарықтық капитализация алшақтығы
Ерғанат Әбени сөзін «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заңның 4-бабында жазылған нормадан бастайды. Онда қордың басты мақсаты — «ұзақмерзімді құн мен тиімділікті арттыру арқылы елдің ұлттық әл-ауқатын көтеру» деп көрсетілген. Автордың пайымдауынша, заңда қорға ақша табу туралы тікелей міндет қойылмаған, ал «ұзақмерзімді құн» деген түсінік жария емес секторда бухгалтерлік айла-шарғы жасауға ыңғайлы пердеге айналған. Нәтижесінде миллиардтаған қаржы құйылған тиімсіз жобалар баланстық құнмен немесе тәуелді бағалаушылар арқылы бағаланып, активтер өсті деген есеп беріледі.
«Нарықтық экономикада бизнестің жалғыз әділ әрі тәуелсіз барометрі — жария компаниялар үшін нарықтық капитализация. Биржалық бағаны үгіттеуге де, есепте қолдан сызып қоюға да болмайды, өйткені инвесторлар ақшасымен дауыс береді. Кезінде біздің қорды көшіріп алмақ болған сингапурлық Temasek қорында дәл осы акционерлер табыстылығы басты бағдар саналады: нарықтық межені бағындыра алмасаң, актив сатылады не жабылады», – деп жазды Ерғанат Әбени.
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:Мүгедектікті белгілеу: 40 мыңнан астам өтінім онлайн қаралды→
Нақты метрикаларсыз тиімділік өлшене ме?
Автор заңдағы «активтерді басқару тиімділігін арттыру» деген екінші тармақтың да нақты көрсеткіштерсіз бос сөзге айналатынын алға тартады. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде менеджменттің нәтижесін бұрмалауға жол бермейтін төрт нақты өлшем бар:
— тартылған капитал рентабельділігі (ROCE) — компания мемлекет салған капитал құнынан артық табыс таба ма;
— меншікті капитал қайтарымы (ROE) — салынған әр доллардан қанша қайтарым алынды;
— бос ақша ағыны (FCF) — күрделі шығындардан кейін есептегі қағаз пайда емес, қолда қанша нақты ақша қалады;
— түсім мен таза пайданың өсу қарқыны — салалық көрсеткіштер мен инфляцияға байланған нақты жылдық пайыз.
Ерғанат Әбени осы цифрлар бағалау негізіне енгізілмесе, тоқырауда тұрған бизнестің өзін әдемі презентациямен жасырып көрсетуге болатынын ескертеді.
«Формула-1-дегі самосвал»: әлеуметтік жүктеме мен шенеуніктер ықпалы
Мақала авторы атап көрсеткен үшінші жүйелі кемшілік — қорға әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысу міндетінің жүктелуі. Оның теңеуінше, холдингті бір мезетте табыс табуға да, әлеуметтік мәселелерді шешуге де мәжбүрлеу — «Формула-1 жарысына картоп тиелген самосвалмен шығумен» тең, себебі бюджеттегі кез келген олқылықты «әлеуметтік тұрақтылық» қамымен ақтап алу оңай.
ЭЫДҰ (OECD) стандарттары мен Норвегияның Мұнай қоры, сондай-ақ Temasek тәжірибесінде бизнес пен мемлекет функциялары қатаң ажыратылуы тиіс. Мектеп салу, тариф ұстау мен өңірлерді қолдау үшін Үкімет пен салалық министрліктер бар. Қордың міндеті — қатаң нарықтық ережемен табыс тауып, бюджетке дивиденд аудару ғана.
Сонымен қатар қос мандат директорлар кеңесіне саяси күн тәртібіне тәуелді шенеуніктердің келуіне жол ашатыны да сынға алынды. Автор қазіргі үлгіні қорғаушылардың уәждеріне қарамастан, бизнес пен мемлекеттік субсидияны бір қазанға араластыру бақылаудан айыратынын алға тартып, әлеуметтік маңызды жобаларды ұлттық компаниялар емес, Үкімет пен әкімдіктер тікелей қолдауы тиіс екенін айтады.
Қорыта келе, автор заңда нарықтық капитализация мен ROCE, FCF секілді қатаң өлшемдер бекітіліп, әлеуметтік жүктеме мен шенеуніктер директорлар кеңесінен алынбайынша, реформа туралы әңгімелер «косметикалық жөндеу» деңгейінде қала беретінін түйіндейді.