Америкалық белгілі миллиардер әрі қаржыгер, лондондық «Челси» футбол клубының қожайындарының бірі Тодд Боэли Батыстың қатаң санкциясына ұшыраған ресейлік «Лукойл» мұнай алыбының Қазақстандағы және басқа да елдердегі шетелдік активтерін сатып алуға ниетті, деп хабарлайды Reuters және KazTAG ақпарат көздеріне сүйенген Qazyr.kz тілшісі.
Таратылған мәліметке қарағанда, Боэли ресейлік «Лукойл» компаниясымен арнайы инвестициялық консорциум құру туралы келісімге қол қойған. Бұл консорциум құрамына АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі қаржы корпорациясы (DFC) да ресми түрде кіріп отыр. Аталған құрылым ресейлік компанияның халықаралық энергетикалық активтерін түгел сатып алуды көздейді.
«Боэли мен DFC өкілдерінің айтуынша, бір жылдан астам уақытқа созылған жабық келіссөздерден кейін жасалған келісім «Лукойлдың» 10 миллиард долларлық құнды қағаздарын компанияның халықаралық активтеріне айырбастауды (своп) қарастырады», — деп хабарлайды халықаралық ақпарат агенттіктері.
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:26 қарашадағы валюта бағамы: Доллар 500 теңгелік межені бағындырды, рубль мен юань қалай құбылды?→
Қазақстандағы мұнай үлесі және 16 млрд долларлық портфель
«Лукойлдың» Ресейден тыс халықаралық активтерінің географиясы өте ауқымды. Ол әлемнің 40-қа жуық еліндегі ірі өндірістік операцияларды, соның ішінде Қазақстан мен Әзірбайжандағы алып мұнай-газ кен орындарындағы қомақты үлестерді қамтиды.
Бұл шетелдік кен орындарынан тәулігіне шамамен 350 000 баррель мұнай өндіріледі. Сарапшылар мен мәміленің мән-жайымен таныс дереккөздер «Лукойлдың» осы шетелдік энергетикалық портфелін шамамен 16 миллиард АҚШ долларына бағалап отыр.
«Ресейлік компанияға қатысты бұл ірі келісімді АҚШ Қаржы министрлігі (OFAC) мұқият тексеріп, оның АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік талаптары мен санкциялық ережелеріне толық сәйкестігін бағалайтын болады», — деп нақтылады салалық дереккөздер.
Вашингтонның мұнай нарығындағы стратегиялық қадамы
Аталған келісім тек жеке бизнес өкілінің мүддесі емес, АҚШ үкіметінің геосаяси бақылау тетігі ретінде де қарастырылуда. Келісімнің құпия талаптарына сәйкес, DFC арқылы үлес алу Вашингтонға болашақтағы таза пайдадан үлес қамтамасыз етпек.
Жеке инвесторлар құйған капиталын қайтарып, келісілген кірістілік нормасын алған соң, АҚШ үкіметтік құрылымы компанияның Директорлар кеңесінен де тиесілі орын алады. Бұл Ресейдің энергетикалық алпауыттарын санкциялық қыспақ жағдайында стратегиялық активтерден ығыстырудың жаңа тетігі ретінде бағалануда.