Қазір әлемде тұрақсыздық күшейіп жатыр: сауда соғыстары, геосаяси қақтығыстар, санкциялар, логистикалық және сауда тізбектердің үзілуі — мұның бәрі көптеген елдерді әлемнен жабық болуға итермелеп отыр. Бірақ Қазақстан бұл жолмен кетпей, керісінше ашықтықты, серіктестік пен прагматизмді таңдап отыр. Бұл дұрыс әрі уақытылы шешім.
Бұл ойды Қазпошта басшысы Әсел Жанасова да айтты. Ол Қазақстанның тұрақтылығы дәл осы ашықтыққа негізделетінін атап өтті. Шынында да, бүгінгі жағдайда бұл біздің артықшылығымыз.
Қазақстан — Еуразия жүрегінде орналасқан ел. Біз Қытай мен Еуропа арасында алтын көпір бола аламыз. Бұл тек картадағы нүкте емес, экономикалық әрі логистикалық әлеует. Егер осы мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ, Қазақстан тек транзит елі емес, нағыз логистикалық хабқа айнала алады.
Көлік дәліздерін дамыту дегенге тек жүк тасымалы деп қарамау керек. Бұл жаңа жұмыс орындары, инвестициялар, аймақтық байланыстарды нығайту. Қазірдің өзінде еліміз Транскаспий бағыты арқылы үлкен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл тек экономикамыздың ғана емес, жалпы елдің болашағы.
Бүкіл әлем тұйықталып жатқанда, Қазақстан диалог пен серіктестікке жол ашып отыр. Бұл шетелдік инвесторларға: «Қазақстанға келуге болады, мұнда тұрақтылық пен ашықтық бар» деген нақты белгі.
Жалпы, Әсел Жанасованың пікірі Президент ұстанып отырған бағытпен толық үйлеседі десек болады. Қазақстан аймақтық байланыстарды күшейтіп, халықаралық бизнес үшін сенімді серіктес болуға ұмтылуда. Бізге енді тек осы бағыттан таймай, ашықтықты біздің мықты тұсымызға айналдыру қажет.
Айбар Олжаев