Qazyr.kz порталы
АймақЖаңалықтарҚазір

Алматының Шұғыла ықшамауданында жаңа «Арбат – Ұлықбек» жаяу аймағы ашылды

Алматы қаласында тұрғын кварталдардың жарықтандырылуын жақсарту және қауіпсіз қалалық орта құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қала әкімі Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданында болып, жаңа архитектуралық-декоративтік жарықтандыру және абаттандыру нысандарын аралады, деп хабарлайды Qazyr.kz

Бірінші нысан — Шұғыла ықшамауданындағы «Арбат – Ұлықбек» атты жаңа жаяу жүргіншілер аймағы болды. Жоба абаттандырудың бюджет бағдарламалары аясында жүзеге асырылып, тұрғындарға қолайлы және қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Жаяу аймақтың жалпы ұзындығы – 370 метр. Мұнда жаяу және велосипед жолдары, балалар алаңы, баскетбол алаңы, воркаут аймағы мен шағын амфитеатр салынған. Сонымен қатар, шағын сәулеттік формалар, орындықтар мен урналар орнатылып, автоматты суару және жарықтандыру жүйесі жүргізілген. Көгалдандыру аясында 200 ағаш пен 4500 бұта отырғызылған.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті:

«Мұндай аймақтар тұрғындар үшін демалыс пен серуендеуге ыңғайлы, қауіпсіз орта қалыптастырады. Біз әр ауданның көркін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз», – деді әкім.

Сапар барысында Дархан Сатыбалды Шұғыла тұрғын үй кешеніндегі архитектуралық жарықтандыру жүйесін де қарап шықты. Жарықтандыру жобасы қаланың сәулеттік безендіру бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

Сонымен қатар, жарық жүйелері Алатау даңғылы мен Сабденов көшесі бойындағы тоғыз тұрғын үйге орнатылды. Энергия үнемдейтін заманауи құрал-жабдықтар фасадтар мен аулаларды біркелкі жарықтандырып, түнгі уақытта қауіпсіздік пен жайлылықты арттырады.

Соңғы нысан ретінде әкім Райымбек даңғылы бойындағы «Нұрлы дала» тұрғын үй кешенін аралады. Мұнда сегіз үйдің фасадтары энергия тиімді жарықтандыру технологияларымен жабдықталған.

«Қалалық ортаның эстетикасы – тұрғындардың жайлылығының ажырамас бөлігі. Біз инженерлік инфрақұрылыммен қатар, қаланың сыртқы келбетіне де көңіл бөлеміз. Жарықтандырылған фасадтар Алматыны заманауи әрі жарқын қалаға айналдырады», – деді Дархан Сатыбалды.

Қорытындысында қала басшысы аудандарды кешенді түрде абаттандыру, жұмыстардың сапасы мен мерзімін бақылау, сондай-ақ жарықтандыру жүйелерінің техникалық жағдайын қадағалау жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан мен Африка ынтымақтасады

admin_qazyr

Аманғали Бердалин Жетісу облысының шаруаларымен кездесті

admin_qazyr

ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында сатып алудың электронды платформасы іске қосылды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz