Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

Астананың айналасындағы ауылдар көгілдір отынға қосылуда

Ақмола облысында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары үш жыл бұрын басталған болатын. Бұл жобаны «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Астаналық өндірістік филиалы жүзеге асыруда.

Бүгінде елорда маңындағы елді мекендерге газ тарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Қазіргі таңда 19 ауылдың 50 мыңнан астам тұрғыны орталықтандырылған газға қосылу мүмкіндігіне ие. Тек Целиноград ауданында ғана екі елді мекен көгілдір отынға қосылып, жалпы газдандыру деңгейі 12 пайызға жетті.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының деректеріне сәйкес, сенімді басқаруға 722 шақырымдық газ тарату желілері және 132 газ реттеу пункті тапсырылған. 2025 жылдың басынан бері Целиноград ауданының Шубар және Нұрлы ауылдарына газ беріліп, 4 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынды тұтына бастады. Қазір тағы 11 ауылда жұмыстар жалғасуда.

Келер жылы Софиевка, Қызылжар, Ақмол, Қабанбай батыр, Қажымұқан, Рахымжан Қошқарбаев және Өтеміс ауылдарын газдандыруға арналған жобалар әзірленбек. Ал осы жылдың соңына дейін Қызылсуат, Аққайың, Алтынсарин, Қоянды, Талапкер және Қосшы қаласының бір бөлігі табиғи газға қосылады деп жоспарланып отыр.

Қосшы қаласында газ құбырының құрылысы 2024 жылдың 10 мамырында басталған. Қазіргі таңда орта қысымды 38 шақырымдық құбырдың 36 шақырымы, ал төмен қысымды 367 шақырымдық желінің 151 шақырымы салынды. Жұмысқа 30-дан астам техника мен 120-ға жуық маман жұмылдырылған.

Жалпы жоспарға сәйкес, биылғы жылдың соңына дейін алты елді мекен, ал келесі жылдың соңына дейін тағы алты ауыл газға қосылады. Нәтижесінде 40 мыңнан астам абонент көгілдір отын тұтыну мүмкіндігіне ие болады.

Елорда маңындағы алғашқы газдандырылған ауыл – Нұрлы. Бұл жобаға 1,4 млрд теңге инвестиция салынды. Ауылда 72 шақырымнан астам құбыр тартылып, жеті газ реттеу пункті орнатылды. Нәтижесінде 1040 абонент көгілдір отынға қосылды. Ал биыл мамырда Шұбар ауылына газ беріліп, 400 үй жылумен қамтамасыз етілді.

Жергілікті тұрғындар газға қосылудың тұрмыс сапасын айтарлықтай арттырғанын айтады. Қыстағы жылыту шығыны азайып, ас әзірлеу де жеңіл әрі үнемді бола түскен.

Осылайша, Ақмола облысында ауқымды газдандыру бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Жақын болашақта аймақ тұрғындары қолжетімді әрі тиімді көгілдір отынның игілігін кеңінен көретін болады.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекеттік білім ордасындағы директорлар неше жылда ротацияланады және не үшін ротациялануы керек?

redaktor_qazyr

Астанада халықаралық ат спорты жарысы өз мәресіне жетті

admin_qazyr

Олжас Бектенов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысын өткізді

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz